Білім беруде жаңашылдық бар

Қарағандыға Алматыдан арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясына келді. Ол ерекше қажеттіліктері бар балалар санатының кеңеюі, осы қажеттіліктерді бағалау жүйесі туралы айтып, инклюзия саласын ерекше балалардың қалыпты оқуы үшін маңызды оқулықтармен және басқа да бөлшектермен қамтамасыз ету тұрғысынан көңіл көншітпейтін статистикамен бөлісті. Себебі мұндай балалар үшін елімізде барлық жағдай жасалмаған.

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, қазір ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 650 бала қосымша білім берумен қамтылған, оның ішінде 1 328 – арнайы мектеп-интернаттардың балалары. Жаңа оқу жылында ведомствоға ерекше балалардың барлық санаты үшін, оның ішінде мүгедектігі бар балалар үшін инфрақұрылымды жақсарту міндеті тұр.

– Бұл жерде мәселе тек кіру топтарына ғана емес, сонымен қатар ғимараттар ішіндегі, санитарлық тораптар мен басқа да үй-жайларға қатысты. Бұл тізімде сондай-ақ пандустармен, тұтқалармен, көтергіш құрылғылармен қамтамасыз ету, есік ойықтарын кеңейту, дәретхана бөлмелерін жақсарту, зағип жандарға арналған бағыттаушы белгілерді, брайль қарпі бар ақпараттық тақтайшаларды, радиотрансляциясы бар динамиктерді, тайғанамайтын жабынды, сатыларды таңбалауды орнату, киім шешетін бөлмелерді жаңғырту, арнайы жиһаз орнату бар, – деп атап өтті Гүлсім Шабданқызы.

Әйгерім Кудеринова өз кезегінде инклюзивтік білім беру саласындағы бірқатар өзгерісті атап өтті. Бірінші кезекте, халықаралық стандарттарға сәйкес ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың санаты кеңейтілді.

– Қазір бұл санатқа мүмкіндігі шектеулі балалар да, экономикалық немесе әлеуметтік қиындықтарға сәйкес оқуда қиындықтарға тап болған балалар да кіреді. Бұл мигранттардың балалары да болуы мүмкін, – деп нақтылады Әйгерім Кудеринова. – Қазір бұл өзгерістер «ҚР Білім туралы» Заңына енгізілді. Республикада инклюзивті білім беру үшін мектептердің тек 59%-ында ғана жағдай жасалған. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар туралы айтатын болсақ, олар үшін жүз пайыз жағдай жасалмаған. Сондықтан ҚР Білім Министрлігі бірқатар нормативтік құжатты қабылдады.

Біріншіден, осы жылдың қаңтарында арнайы білім беру қажеттіліктерін бағалау туралы бұйрық бекітілді: ол топтағы және сыныптағы мұғалімнен бастап жүзеге асырылады.

– Яғни, мұғалім баланың оқуы қиын екенін көргенде, ол диагностикалық әдістерді қолдана отырып, осы қиындықтар мен көмек қажеттілігін анықтауы керек. Егер тереңірек бағалау қажет болса, ата-аналарға оны психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру жағдайында өткізуге кеңес беріледі. Бұйрық осы алгоритмді толық бейнелейді, – деп түсіндірді Әйгерім Кудеринова. – Жүйені қолданатын және енгізетін тағы бір маңызды құжат – психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді және қызметті құру. Бұл үшін де бұйрық бар. Қызмет білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен ұйымдастырылады, оған білім беру процесінің барлық қатысушысы кіреді. Мысалы, сынып жетекшісі қажеттіліктерді бағалауды ұйымдастырады, пән мұғалімдерімен және ата-аналармен өзара әрекеттеседі, баланың қиындықтарын анықтайды, бейімделген жеке бағдарлама жасайды. Ата-ана да осы бағдарламаны жасауға қатысады. Бұл қажет болған жағдайда жеке немесе топтық сабақтарды өткізуге рұқсаты бар әлеуметтік тәрбиешілер мен психологтардың одан әрі жұмысына көмектеседі.

Балалардың қажеттіліктерін бағалау және олардың оқуына жағдай жасау – алдағы оқу жылына арналған білім беру жүйесінің міндеттерінің бірі, деп қорытындылады Әйгерім Кудеринова. Бұл білім беру ортасын өзгерту немесе оқуға кедергісіз орта құру болуы мүмкін. Мысалы, егер баланың көру қабілеті нашар болса, оны бірінші үстелге отырғызған дұрыс, егер тірек-қимыл аппараты бұзылса – отыруға ыңғайлы етіп үстел немесе орындық қойған дұрыс.

– Балаға қандай оқулықтар жақсы сәйкес келетінін немесе оның бағдарламасын қалай жекелендіруді үйрену қажет болуы мүмкін. Алайда, ерекше балаларға арналған арнайы мектептерде арнайы оқулықтармен қамтамасыз ету әзірге шамамен 40%-ды құрайды, – деп жалғастырды спикер. – Сонымен қатар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге үнемі әдістемелік көмек көрсету өте маңызды: олар әлі де қиындықтарға тап болады, өйткені тұрақты сүйемелдеу жоқ. Ол үшін ресурстық орталықтар құрылуда және Қарағанды облысында осындай ресурстық орталық бар. Бұл – Қарағандыдағы үлкен практикалық тәжірибесі бар №27 жалпы білім беретін мектеп. Облыстық әдістемелік кабинеттермен және «Өрлеу» оқу орталығымен бірге ол үнемі әдістемелік көмек көрсететін реттеуші ретінде әрекет ете алады.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация туралы айта келе, Әйгерім Кудеринова егер бұрын ПМПК 60 мың балаға ашылса, қазір ол 50 мыңға ашылуы тиіс екенін атап өтті. Халықаралық тәжірибе балалардың одан да аз санын – 30 мыңды көздейді. Спикер атап өткендей, бұл ұйымдардың маңыздылығы даусыз: олардың арқасында балаларға көмектесуге болады, алайда көптеген мәселелерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешкен жөн.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»