Тарихи-мәдени мұраны қорғау баршамызға аманат
Қарағанды облысында жастардың тарихи сана-сезімін арттыруға және туған өлкенің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған экологиялық-танымдық тур ұйымдастырылды. Оның аясында студенттер арнайы сапарлап өңірдегі басты археологиялық нысандардың бірі саналатын Талды тарихи-археологиялық паркіне барып қайтты. Танымдық шара барысында болашақ тарихшылар мен туризм саласының мамандары аймақтың бай тарихи мұрасымен танысып, табиғи және мәдени ескерткіштерді қорғауға бағытталған акцияға қатысты.
Шара Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Оны Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі облыстың тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығымен және қалалық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты жастар арасында тарихи ескерткіштерге деген жауапкершілікті күшейту, мәдени мұраны сақтау ісіне қызығушылықты арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Турға Қарағанды қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Атап айтқанда, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің, Қазтұтынуодағы экономикалық университетінің, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университетінің студенттері мен тарих саласының жас мамандары сапарға шықты. Бұл бағыттағы студенттер үшін мұндай экскурсиялар оқу бағдарламасын толықтырып қана қоймай, болашақ мамандықтарына қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Экскурсия барысында қатысушыларға Талды тарихи-археологиялық паркінің ерекшелігі жан-жақты түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл нысанның басты құндылығы бір аумақта адамзат өркениетінің әртүрлі кезеңдеріне тиесілі тарихи ескерткіштердің шоғырлануында. Мұнда тас дәуірінен бастап бүгінгі этнографиялық кезеңге дейінгі жәдігерлер мен мәдени белгілер кездеседі.
Тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Дәурен Жүсіповтің айтуынша, мұндай орындар әлемде сирек кездеседі. Себебі бір кеңістікте бірнеше тарихи дәуірдің ізі сақталған нысандар ғылыми және танымдық тұрғыдан аса құнды саналады. Оның сөзінше, студенттер тарихты кітаптан оқып қана қоймай, осындай орындарға келіп, оны көзбен көріп, уақыттар сабақтастығын сезінгенде тарихи санасы тереңдей түседі.
Мамандардың пікірінше, археологиялық ескерткіштер жанында тұрып, сол дәуірдің тынысын сезіну жастарға мүлде басқа әсер береді. Мұндай тәжірибе болашақ тарихшылар үшін де, туризм мамандары үшін де маңызды. Өйткені олар алдағы уақытта өңірдің тарихи орындарын зерттеп, туристік бағыттар қалыптастыру ісіне үлес қоса алады. Танымдық экскурсиядан кейін қатысушылар экологиялық акция өткізді. Студенттер «Қазақстан пирамидасы» деген атаумен танымал Қаражартас қорымының аумағын тазалап, тарихи кешен маңындағы қоқыстарды жинады. Сонымен қатар қорғау тақтайшалары мен ескерткіш белгілерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи нысандарды сақтау тек археологиялық зерттеу немесе реставрациямен шектелмейді. Олардың айналасын таза ұстау, қоршаған ортаны қорғау және келушілерге қолайлы жағдай жасау да аса маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан экологиялық акция тарихи мұраны қорғау жұмыстарының маңызды бөлігі.
– Тарихи мұраны сақтау мен табиғатты қорғау – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Егер тарихи орындардың айналасы ластанса немесе қараусыз қалса, оның мәдени құндылығы да төмендейді. Сол себепті мұндай шаралар жастардың жауапкершілігін арттырып, ортақ құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелейді, – дейді тарихи өлкетанумұражайының жалпы тарих, архелогия және этнография бөлімінің меңгерушісі Дәурен Жүсіпов.
Сапар барысында мамандар парк аумағындағы инфрақұрылымның жағдайына да назар аударды. Кейбір қоршау мен қорғау элементтері жаңартуды қажет етеді. Алдағы уақытта оларды жөндеу, сырлау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл тарихи нысандардың сақталуын қамтамасыз етіп, келушілер үшін қауіпсіз әрі тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттердің айтуынша, мұндай экскурсиялар жастардың туған өлкеге деген қызығушылығын арттырады. Көп қатысушы бұрын тек естіп жүрген тарихи орындарды өз көздерімен көріп, Қарағанды өңірінің терең тарихына жаңаша көзқараспен қарағандарын жеткізді.
Мамандар алдағы уақытта осындай танымдық және экологиялық форматтағы шараларды тұрақты өткізу жоспарланып отырғанын айтады. Бұл жастарды қоғамдық белсенділікке тартумен қатар, тарихи-мәдени мұраны қорғауға жаңа буынды жұмылдыруға ықпал етеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

