Балабақшадағы кезек: ваучерлік қаржыландыруға бақылау қажет

Қарағанды облысынан сайланған Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова балабақша кезегін ұйымдастыру жүйесін жетілдіріп, ваучерлік қаржыландыруға бақылауды күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі тәртіп ата-аналарды баласын жекеменшік балабақшаға тіркеуге мәжбүрлеп, мемлекеттік балабақшадан орын күту кезінде қиындықтар туғызуы мүмкін.

Депутаттың түсіндіруінше, мемлекеттік балабақшадан орын күту тізіміне тұру үшін кей жағдайда баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеу қажет. Соның салдарынан бала бір мекемеде құжат жүзінде тіркелгенімен, шын мәнінде басқа балабақшадан орын күтеді.

«Күту тізіміне тұру үшін алдымен баланы басқа балабақшаға тіркеу қажет. Нәтижесінде мемлекеттік балабақшадан орын күтіп жүрген ата-аналар баласын жекеменшік ұйымға тіркеуге мәжбүр болады. Осылайша, бала бір балабақшада тіркелген болып есептеледі, бірақ іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтіп жүреді», – дейді ҚР Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова.

Мұндай жағдай ваучерлік қаржыландырудың тиімділігіне қатысты сұрақ туғызады. Егер бала балабақшаға іс жүзінде бармаса, мемлекет бөлген қаражат қандай қызметке жұмсалып отыр? Депутаттың пікірінше, қаржыландыру тек құжаттағы тіркеуге емес, балаға нақты көрсетілген қызметке негізделуі керек.

«Мемлекеттік қаражат іс жүзінде көрсетілген қызмет үшін төленуі тиіс. Сондықтан басты өлшем баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол ұйымның тәрбиелік және білім беру қызметтерін нақты алуы болуы керек», – деп атап өтті Ләззат Қожахметова.

Осыған байланысты депутат ваучерлік қаржыландыруды баланың балабақшаға нақты баруымен және көрсетілген қызмет көлемімен байланыстыруды ұсынады. Сонымен қатар қағаз жүзінде тіркелген балаларды анықтау үшін цифрлық бақылауды күшейтіп, кезектегі балалар саны мен бос орындар туралы мәліметтердің сәйкестігін қамтамасыз ету қажет.

Ұсыныстардың мақсаты – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің ашықтығын арттыру және ата-аналардың балабақшадан орын алу мүмкіндігін жақсарту.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»