Аулалардағы көлік «тұзағы» коммуналдық жұмысты тежеп отыр
Қарағанды қаласындағы кейбір аула мен ішкі көшелерде жолдар арнайы техникалар үшін нағыз кедергіге айналды. Қоқыс таситын көліктер жеңіл автокөліктердің арасында қысылып, қалдықтарды шығару жұмыстары жиі тоқтап қалады.
«Бізге еркін жүретін жол керек, кедергісіз кіріп, қоқысты алып, шығып кетуіміз қажет. Мына тұрған көліктерді біз осы жердің тұрғындарынікі деп ойлайтынбыз. Олар бізге кедергі келтіреді. Қазір, міне, қалай қиналып кіріп жатқанымызды өздеріңіз де көрдіңіздер, өте ыңғайсыз. Сосын абайсызда біреудің көлігін соғып кетсең, тағы да өзің кінәлі боласың», — дейді «Горкомтранс» ЖШС жүк тиеушісі Бақтияр Есембеков.
Қоқыс шығаратын техника қызметкерлерінің шыдамы таусылған. Жүргізушілер өз көлігін кез келген бос орынға қойып кетеді, тіпті ескерту жасағандарға қоқан-лоқы көрсетеді. «102-ге хабарласамыз, олар келіп айыппұл салады, бірақ адамдар бәрібір көліктерін қайта қояды. Біз қоқысты уақытылы алып кетуіміз керек, бірақ өте алмаймыз. Біздікі жеңіл көлік емес, үлкен техника. Осы жерге көлік қоймау үшін халықпен сөйлесіңіздер деп бастықтарға да айттық», — деп толықтырды Бақтияр Есембеков.
Жол бойында көліктердің көптігінен жүру мүмкін болмай қалуда. «Жолдың бәрін әкесі сатып алып бергендей, өздерін жолдың патшасы санап көліктерін қойып қояды. Алдында Камаз келе жатқанын көріп тұр. «Көлігіңді алып таста» десең, «өзің артқа шегін, жол бер» дейді. Мұндай үлкен техникамен қалай артқа шегінесің?» — дейді Бақтияр Есембеков.
«Мына жоғарыда тұрған труба сияқты дүние жүк көліктеріне кедергі келтіреді. Біз өте алмаймыз. Әдетте биіктік 4,5 метр болуы керек, ал мұнда көз мөлшерімен қарасаң тіпті 3 метр де жоқ сияқты», — дейді жүк көлігінің жүргізушісі Данияр Базылханов.
Қоқыс шығаратын компания жұмыстағы қиындықтарды растап отыр. «Бір бағытты тазалау өте көп уақытты алады. Кейде жүргізушілер мен тұрғындар арасында жанжал туындайды. Егер алаңқайдың алдына көлік қойып кетсе, әлбетте бізге де жол жабылып, өте алмаймыз. Ал оның иесін тапқанша 1,5–2 сағат уақытымыз кетеді», — дейді «Горкомтранс» ЖШС экспулатация бөлімінің басшысы Нұрлан Өтепбергенов.
Компания техника паркін жаңартуда. «Сенбілік кезінде немесе біреу жөндеу жүргізгенде құрылыс қоқыстарын, бұтақтарды, тастар мен кірпіштерді контейнерге тастайды. Бұл тек контейнерлерді ғана емес, техниканың өзін де бүлдіреді, соның салдарынан көлік бұзылады», — деп ескертеді Нұрлан Өтепбергенов.
Компания өкілдері сенбілік кезінде контейнерлердің ішін мұқият қадағалайтынын және кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін полиция шақыратынын атап өтті. Жапырақтарды қаптарға салып, арнайы белгіленген орындарға қою қажет. Егер қаптарды ережеге сай қойсаңыз, оны суретке түсіру тексерушілер тарапынан туындаған сұрақтарды шешуге көмектеседі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

