Аулалар – құтқарушыларға кедергі ме?
Қалалардағы тұрғын үй аулаларында көлік санының шамадан тыс артуы төтенше жағдайлар кезінде үлкен қауіпке айналып отыр. Өрт сөндіру және құтқару техникасының оқиға орнына дер кезінде жетпеуі адам өміріне тікелей әсер ететін фактор ретінде қайта күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты елімізде аулалық инфрақұрылымға бақылау күшейтіліп, заңнамалық деңгейде қатаң шаралар ұсынылуда.
Мәселе Астанадағы тұрғын үйде болған қайғылы өрттен кейін ерекше өзектілікке ие болды. Сол оқиғада үш баланың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, аулалардағы жол мәселесіне назар аудартты. Құтқарушылардың айтуынша, өрт кезінде ең қымбат уақыт – алғашқы минуттар, алайда тар жолдар мен бейберекет қойылған көліктер бұл уақытты жоғалтуға себеп болады.
Қазір Төтенше жағдайлар қызметі мен полиция бірлесіп, тұрғын үй аулаларында рейд жүргізіп жатыр. Мамандар өрт сөндіру көліктері мен гидранттарға баратын жолдар кез келген уақытта бос болуы тиіс екенін ескертуде. Бірақ іс жүзінде көптеген аулаларда бұл талап сақталмай отыр.
Парламент деңгейінде де мәселе талқыланып жатыр. Депутаттар тұрғын үй аумақтарында арнайы «өрт дәліздерін» енгізу және шұғыл қызметтердің қозғалысына кедергі келтірген көліктерге қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді.
– Барлық өрттің шамамен 62 пайызы тұрғын үй секторында болады. Сондықтан біз шұғыл қызметтерге арналған арнайы «fire lane» принципіндегі дәліздерді енгізуді ұсынамыз. Бұл жолдарда көлік қоюға қатаң тыйым салынуы тиіс. Егер адам өміріне қауіп төнсе, құтқарушылар кедергіні жоюға құқылы болуы қажет, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.
Ұсынысқа сәйкес, егер тұрғындар немесе көлік иелері арнайы жолдарды бөгесе, құтқару қызметтері шлагбаумдарды ашуға, кедергілерді алып тастауға, тіпті жолдағы көліктерді жылжытуға немесе зақымдауға дейінгі шараларды қолдана алуы мүмкін. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту, ғимараттардағы датчиктерді цифрлық жүйеге қосу және міндетті сақтандыру тетігін енгізу мәселелері де қарастырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, мәселе тек инфрақұрылымда емес, жүргізушілер мәдениетінде де жатыр. Көп жағдайда тұрғындар ауланы жеке тұрақ ретінде пайдаланып, арнайы белгіленген өрт жолдарын елемейді. Ал бұл жағдай төтенше сәтте адам өміріне қауіп төндіреді.
Құтқарушылардың пікірінше, әрбір тұрғын үй ауласында нақты белгіленген және тәулік бойы бос болатын өртке арналған жолдар болуы тиіс. Бұл – тек техникалық талап емес, адам өмірін сақтайтын маңызды шарт.
Қазіргі таңда мәселе заңнамалық деңгейде талқыланып жатқанымен, оның түпкі шешімі қоғам мәдениетімен тікелей байланысты. Себебі қауіпсіз аула – тек құтқарушылардың емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

