Руза Алдашеваның жыр әлеміне саяхат

Ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Руза Алдашева шығармашылығына арналған тағылымды кеш өтті. Әдеби жиын қаламгердің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, оның поэзиясы мен шығармашылық жолына ерекше құрмет көрсетілді.

Руза Алдашева – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған дара ақын. Оның шығармашылығына нәзік лиризм мен терең көркемдік өрнек тән. Ақын өлеңдері шынайы сезімге құрылған мазмұнымен ерекшеленіп, оқырман жүрегіне жол таба біледі.

– Мен мәдениетіміздің керемет тұлғаларымен кездесіп, олардың шығармашылығынан рухани қуат алған сәттерді ерекше бағалаймын. Солардың ішінде мен үшін ең қымбаттарының бірі – Қасым, сондай-ақ Теміртау аспанын әсем үнімен тербеткен әнші Жанна Хасенова. Біз жиі жүздесіп, әңгімелесіп, ой бөлісіп, шығармашылық бағыттағы пікірлерімізді талқылап отыратынбыз. Сондықтан бүгінгі кешті мен өлеңмен бастауды жөн көріп отырмын, – деді ақын Руза Алдашева.

Ақынның шығармашылық қырын кеңінен танытуға әртістер қауымы белсене атсалысты. Кеш барысында әншілер Руза Алдашеваның сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ іс-шара аясында театр қойылымы сахналанып, ақын шығармашылығының мазмұндық тереңдігін аша түсті.

– Мен Руза Алдашевамен шамамен 20 жыл бірге жұмыс істедім, екеуміз газеттерде еңбек еттік. Ол өте талантты журналист қана емес, сонымен қатар ақын әрі жазушы, тоғыз кітаптың авторы ретінде де танылды. 2019 жылы оны мәдениет сарайына жұмысқа шақырған кезде оның шығармашылық әлеуетінің тағы бір қыры айқын көрінді. Бүгінде ол қаладағы көптеген мәдени және рухани шараларды ұйымдастыруға белсене қатысып, өзі сценарий жазып, жүргізуші ретінде де ұлттық өнердің дамуына жаңа серпін беріп келеді, – дейді журналист Серікгүл Алтайбаева.

Ақын шығармашылығына арналған кеш аясында оның тоғызыншы жаңа өлеңдер жинағы көпшілік назарына ұсынылды. Жаңа жинақ ақынның соңғы жылдардағы ізденістерін, ой-толғамдары мен поэтикалық өрнегін айқын көрсететін маңызды еңбек ретінде таныстырылды.

– Мұндай кештер – ақын үшін шығармашылық жолын саралап, еңбегіне көз жүгіртетін ерекше сәт. Руза Алдашева Теміртау қаласының рухани және мәдени өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазақ мәдениетінде оның алар орны ерекше, шығармашылығы ел руханиятының маңызды бір бөлшегіне айналған, – дейді Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жанқашұлы.

Кеш барысында ақынның шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салып, оның өлеңдерін оқып, ән орындады. Бұл сәт көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кештің рухани мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»