Атқа мінудің артықшылығы көп

 Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі 28 балаға тегін иппотерапия емін алуға мүмкіндік берілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жобаны «Бота» қайырымдылық қоры жергілікті жылқы зауыты базасында іске асырады.

Адаптивті атқа міну тірек-қимыл аппараты бұзылған және әр түрлі неврологиялық ауруы бар балаларға арналған.

– Иппотерапия қызметі Қарағандыда 2017 жылдан бастап көрсетіледі. Биылғы жылы ерекше балалардың сабаққа тегін қатысуы үшін 11 млн теңге бөлінді. Қазір мұндай балалар саны 28. Қызметті пайдалану үшін Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш, баланың туу туралы куәлігі, мүгедектік туралы анықтама және балаға иппотерапиямен айналысу қажет екені туралы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысын ұсыну қажет. Егер балалар саны арта түссе, қосымша ақшалай қаражат қарастырамыз, – дейді Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжан Шаймарданова.

Сабақтар жыл бойы өтеді. Аптасына үш жаттығу қарастырылған, олардың әрқайсысы жарты сағатқа созылады. Сабақты нұсқаушы мен жылқы өсіруші жүргізеді. Қажет болса оларға көмекші қосылады. Қазір сертификатталған төрт жаттықтырушы жұмыс істейді.

– Мен ат спорты мен конкурдан жаттықтырушымын, иппотерапевт оқуын арнайы оқыдым. Мен бұл бағытпен 8 жылдан бері айналысып келемін. Иппотерапия кез келген спорттық снарядқа қарағанда жақсы көмектеседі, өйткені күнделікті өмірде пассив бұлшық еттер қимылдайды. Сабақ өткізуде науқастың жасы маңызды емес. Менің тәжірибемде 9 айлық бала да болды. Диагноз әдетте төрт жастан кейін қойылады, бірақ егер күдік болса, жаттығуды бірден бастаған дұрыс. Біз сондай-ақ паралимпиадалық ат спортын дамытамыз. Қабілетті балаларды дайындап жатырмыз, – деді иппотерапия жөнінде нұсқаушы және конкур жаттықтырушысы Мөлдір Расулова.

Дәрігерлер де ерекше. Жаттықтырушылардың айтуынша, иппотерапия үшін ат таңдау қиын. Жылқы жуас, сезімтал, оқыс дыбыстарға реакция көрсетпеуі керек. Қазір адаптивті атқа міну үшін үш ат пайдаланылады.

Дәмила Түсіпова бірден екі баланы иппотерапия сабағына апарады. 11 жастағы Айшабибіде церебралды сал ауруы бар, ал 10 жастағы Керімде туабітті аутизм диагнозы анықталған.

– Наурыз айынан бастап иппотерапиямен айналысамыз. Терапияның жақсы нәтиже беріп жатқанын көріп отырмын. Балалар сабырлы бола түсті. Қызым отыра алмайтын, бес айлық сабақтан кейін отыра бастады. Ұлымның ұйқысы бұзылған, қазір жақсы ұйықтап жүр. Сабаққа қашан баратынымызды біледі. Сондай-ақ тағы бір үлкен көмек – инватакси. Біз алдын ала тапсырыс береміз және жайлы жетеміз, – дейді Дәмила Түсіпова.