Ғасырды еңсерген ғұмыр: Мария Александрова – тағдыр мен тағылымның символы

Қарағандыда ғасырлық белесті бағындырған кейуана – Мария Тимофеевна Александрова 100 жасқа толды. Тағдырдың талай сынынан өткен, қиындыққа мойымаған бұл жанның өмір жолы – тек бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оның ғұмыры – қайсарлықтың, сабырдың және адамдық биіктіктің айқын көрінісі.

Ғасыр куәгерінің мерейтойы ерекше форматта өтті. Әлемнің әр түкпірінен жиналған ұрпақтары – балалары, немерелері мен шөберелері ақ жаулықты ананы құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл – бір әулеттің ғана емес, елдің де ортақ қуанышы.

Мария Тимофеевнаның өмір жолы – тарихпен астасқан тағдыр. Ол Украинадағы Житомир өңірінен бала кезінде Қазақстанға арнайы қоныс аударылғандардың бірі. Аштық пен суықты, жоқшылық пен ауыр еңбекті бастан өткерген балалық шақ оның жадында мәңгі сақталған.

– 1936 жылдан бастап бәрі есімде. Бізді қалай әкелгендері, шатырларда қалай тұрғанымыз… Біз Украинадан, Житомир облысынан келдік. Қазақстанға осылай көшірілдім, – деп еске алады Мария Александрова.

Сол бір ауыр кезеңде қазақ халқының кеңпейілдігі мен мейірімі оған өмірлік демеу болды. Қиын шақта соңғы үзім нанын бөліскен халыққа деген алғысы әлі күнге дейін жүрегінде.

Соғыс жылдары басталғанда небәрі 15 жастағы бойжеткен еңбекке араласып, шахтада жұмыс істеді. Кейін Жаңақарағанды машина жасау зауытының құю цехында қалыптаушы болып ұзақ жыл еңбек етті. Зейнетке дейін ел экономикасының дамуына үлес қосқан ол – нағыз еңбек адамы.

Өмірдің ауыртпалығы мұнымен шектелмеді. Жолдасынан ерте айырылған Мария Тимофеевна үш қызын жалғыз өзі өсіріп, жеткізді. Бүгінде ол үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналған – 13 шөбере мен 2 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже.

– Тұтас бір ғасыр өмір сүру – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Сіз елдің дамуына үлес қосқан, ұрпақ тәрбиелеген ерекше жансыз, – деді Тілеубек Камалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ғасыр жасаған ананың өмірлік ұстанымы – қарапайым, бірақ терең мағыналы. Ол әрбір күннің қадірін білуді, бейбіт өмірді бағалауды басты құндылық санайды.

– Күн сайын таңертең Қазақстанның Әнұранын тыңдаймын. Сол кезде жаным тынышталады. Содан кейін қазақ әндерін қосамын. Қазақтың барлық әнін жақсы көремін, – дейді Мария Тимофеевна.

Бұл сөздер – оның Қазақстанға деген шынайы құрметі мен сүйіспеншілігінің айғағы. Тағдыр оны осынау кең далаға алып келгенімен, ол бұл елді өз Отанына айналдырды.

– Мені өз бауырына басып, бейбіт өмір сыйлаған халықтың тілін бәрінен жоғары қоямын, – деп түйіндейді ғасыр куәгері.

Мария Александрова – тек ұзақ жасаған адам емес. Ол – ұрпаққа үлгі болатын тұлға. Оның өмірі жас буынға сабыр мен еңбекқорлықтың, адамгершілік пен алғыстың мәнін ұғындырады.

Осындай жандар – тарихтың тірі куәсі. Оларды құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»