Ашық аспан астындағы бокс
Қарағандыда спорт сүйер қауым үшін ерекше форматтағы бокс кеші ұйымдастырылды. Қаланың Орталық саябағында алғаш рет ашық аспан астында жолдастық бокс кездесуі өтті.
Бұл жолы дәстүрлі спорт залдарының орнына саябақ таңдалып, ринг көпшілікке жақын орналастырылды. Таза ауадағы жарысқа Пришахтинск бокс мектебінің командасы мен қаланың өзге де спорт клубтарының өкілдері қатысты.
Жарыс барысында он жұп спортшы рингке шығып, шеберліктерін ортаға салды. Әр жекпе-жекті тамашалауға келген жүздеген көрермен жас боксшыларға қолдау көрсетті. Спорттық шараға қыздар да қатысып, өзара тартысты бәсекеде бақ сынады.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар медальдар мен кубоктарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық алаңдағы мұндай формат спортты халыққа жақындатып, жастарды белсенді өмір салтына баулуға мүмкіндік береді.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Равиль Садыков мұндай бастаманың маңызын атап өтті.
– Турнирді Пришахтинск командасымен бірге алғаш рет өткізуді шештік. Пришахтинскіде спорт өте жақсы дамыған. Ашық аспан астында алғаш рет жолдастық кездесу ұйымдастырдық. Мұнда төбелес емес, достық бәсеке бар. Осы арқылы салауатты өмір салты мен спортты насихаттаймыз. Осы орайда бізді қолдаған Қарағанды қаласының әкімдігіне ерекше алғыс айтқым келеді, – деді Равиль Садыков.
Ұйымдастырушылар ашық аспан астындағы спорттық кештерді алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шаралар жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, өз қабілетін көпшілік алдында көрсетуге мүмкіндік беріп, қала тұрғындарын спортқа тартуға ықпал етпек.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

