Қарағандының орталық саябағында алма бағы пайда болады
Қарағанды қаласының орталық саябағында 5 000 түп алма ағашы отырғызылып жатыр. Экологиялық бастама аясында қолға алынған бұл жоба саябақты тек демалыс орны ғана емес, жеміс бағы ретінде де түрлендіруге бағытталған.
Қалаға көрік беріп, ауаны тазартып, тұрғындардың табиғатқа жанашырлығын арттыруды көздеген шараға саябақ қызметкерлері бірлесіп атсалысуда. Алма ағаштарының барлығы арнайы Астана қаласынан әкелінген және Қарағандының климатына бейімделген сұрыптардан таңдалған.
– Әкелінген көшеттер бізге облыстық табиғи ресурстар басқармасының ұйымдастыруымен тегін берілді. Өзіміз арнайы барып, жақсылап таңдап, қазып алып келдік. Барлық көшет осы Орталық саябақ аумағына отырғызылды. Енді оларды күтіп-баптау үшін арнайы бригада жұмыс істейді. Себебі, жеміс ағаштарының күтімі ерекше назарды талап етеді. Бір жарым айдан кейін көшеттердің тамырланып-тамырланбағанын анықтайтын боламыз, – деді агроном Сәкен Келдібай.
Жобаның басты мақсаты – қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Ағаштардың күтімі тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Айта кетейік, бұл көгалдандыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта басқа саябақтар мен тұрғын үй аулаларына да жеміс ағаштарын отырғызу жоспарда бар.
Ералы ҒАНИ,
«QH»