Қарағандылықтар әлемдік татамиде топ жарды

Ақтауда балалар мен жасөспірімдер арасындағы кёкушинкай каратэден V әлем чемпионаты мәресіне жетті. Халықаралық додаға 12 елден келген 500-ге жуық жас спортшы қатысып, үш татамиде шеберліктерін сынады. Үш күнге жуық уақытқа созылған жарыста спортшылар кумитэ, ката және Heart Point бағыттары бойынша бақ сынады.

23-24 тамыз күндері Ақтау қаласы әлемдік кёкушинкай каратэнің ірі спорттық алаңына айналды. Жас спортшылар татамиде жоғары техникалық шеберлігін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 19 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ресей құрамасы 10 алтын медальмен екінші орынға жайғасса, Жапония командасы үшінші орыннан көрінді.

Қазақстан құрамасының жеңісіне Қарағанды облысының спортшылары да қомақты үлес қосты. Облыс қоржынына 5 алтын, 4 күміс және 18 қола медаль түсті. Осылайша Қарағанды облысы Қазақстан құрамасы сапында ең көп алтын медаль еншілеген өңір атанып, жалпыкомандалық кубокты Қарағандыға алып келуге мүмкіндік алды.

«Балалар мен жасөспірімдер арасындағы V әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы 19 алтын медаль еншілеп, бірінші командалық орынды иеленді. Ресей құрамасы 10 алтын медальмен екінші орынға табандаса, үшінші командалық орын Жапония құрамасына бұйырды. Қарағанды облысы ел қоржынына 5 алтын, 4 күміс және 18 қола медаль салды. Біздің облыс елге ең көп алтын медаль сыйлағандықтан, командалық кубок Қарағанды қаласына жол тартады», – деді «БҚККҰ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Тимур Райымбеков.

Әлем чемпионатында алтын медаль иеленген қарағандылық спортшылардың қатарында Андрей Починяев та бар. Жас спортшы жарыс барысында төрт жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының барлығын жеңді. Финалдық кездесуде ресейлік спортшымен белдесіп, өзінің сүйікті уширо-гери әдісін сәтті қолданып, чемпион атанды.

«Жалпы менде төрт жекпе-жек болды. Финалдық кездесуде ресейлік спортшымен кездесіп, оны өзімнің сүйікті уширо-гери соққысымен жеңдім», – деді каратэден әлем чемпионы Андрей Починяев.

Қарағанды облысына тағы бір алтын медальді Замина Мамедова әкелді. Ол да чемпионатта төрт жекпе-жек өткізіп, әр кезеңде өз шеберлігін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Спортшы жарыс қорытындысы бойынша өзіне қолдау көрсеткен бапкерлеріне алғысын білдірді.

Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуы – елдегі балалар мен жасөспірімдер спортының дамып келе жатқанын көрсететін маңызды нәтиже. Әлем чемпионатында қарағандылық спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі өңірдегі кёкушинкай каратэ мектебінің де әлеуетін аңғартады.

Ақтауда өткен V әлем чемпионаты Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі спорттық додаларды жоғары деңгейде өткізуге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ал қарағандылық спортшылардың жеңіске қосқан үлесі өңірдегі жас спортшылардың әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Татамиде топ жарған чемпиондардың жетістігі – жас буынға спортпен айналысуға серпін беретін және жаңа жеңістерге жол ашатын маңызды нәтиже.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»