Қарағандылық Бейбарыс Жеңісбек Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасының жүлдегері атанды
Алматының республикалық физика-математика мектептерінің базасында XXXVI халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы және «Жібек жолы» ХХІІІ халықаралық математикалық олимпиадасы өтті. Мақсат – математика ғылымы саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасау, қатысушы елдер арасындағы халықаралық білім және ғылым байланыстарын дамыту.
Аталмыш олимпиадаларға тек Қазақстанның өзінен 155 білгір, жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың облыстық және республикалық кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олимпиадалық резерв мүшелері қатысты. Жүлдегерлер қатарында қарағандылық Бейбарыс Жеңісбек те бар. Ол үшінші орынға ие болды.
Бейбарыс – Қарағанды қаласының «Мұрагер» ММЛИ 10-сынып оқушысы. Математикадан олимпиадаларға 9-сыныптан бастап қатысады. Оны зияткерлік жарыстарға математика пәнінің мұғалімі Ләззат Итжанова дайындайды.
– Мен 10-сыныпта оқығаныма қарамастан олимпиадаға 11-сынып оқушысы ретінде қатыстым. Жоғары деңгейдегі олимпиадалар сирек өткізіледі, сондықтан ATMO және ЖЖМО – математиктер үшін жақсы мүмкіндік. Олар тек бір турдан тұрады. Бұған мықты математиктер қатысады, сондықтан бір қателік жіберіп алсақ, жүлделі орыннан айырылып қалуымыз мүмкін, – дейді Бейбарыс Жеңісбек.
Біз Бейбарыспен хабарласқанда, ол республикалық олимпиадаға қатысып жатқанын айтқан-ды. Ал кеше ғана ол олимпиададан да жүлделі үшінші орын алғанын хабарлады.
Еліміздің болашағы білімді һәм білікті жастардың қолында, олай болса осы Бейбарыстай білгір жастарымыз көбейе берсін!
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»