Қарағанды гарнизонында жаңа спорт нысаны ашылды
Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубы армиясының жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Заманауи нысан Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының аумағында орналасқан. Жаңа спорт кешені әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің дене дайындығын жетілдіруге, спортпен айналысуына және денсаулығын нығайтуына мүмкіндік беретін қолжетімді алаңға айналады. Салтанатты шараға Әскери полиция бас басқармасының бастығы, полковник Серік Ахметжанов, Орталық спорт клубы армиясының бастығы, полковник Арман Абеуов, сондай-ақ Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері қатысты. Шара барысында полковник Серік Ахметжанов жеке құрамды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, спорт инфрақұрылымын дамытудың және әскери қызметшілердің жоғары деңгейдегі дене дайындығын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Жаңа спорт кешенінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл – бүкіл гарнизон үшін маңызды оқиға. Спорт адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның мінезін шыңдайды, тәртібін қалыптастырады, рухын күшейтіп, командалық бірлікті арттырады, – деді Әскери полиция бас басқармасының бастығы.
Жаңа спорт кешенінің жалпы аумағы 170 шаршы метрді құрайды. Нысан заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда түрлі жекпе-жек түрлерімен айналысуға арналған жаттығу залдары, тренажерлер, жабдықталған киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары мен сауна қарастырылған. Бұл спортпен шұғылдануға ғана емес, жаттығудан кейін толыққанды демалып, күшті қалпына келтіруге де қолайлы жағдай жасайды. Жаңа спорт кешенінің тағы бір ерекшелігі – оның әскери қызметшілермен қатар, олардың балалары үшін де қолжетімді болуы. Бұл әскери отбасыларды спортпен белсенді айналысуға тартуға және жас ұрпақтың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының бастығы, майор Заңғар Әлкеновтің айтуынша, спорт кешенінің жұмысында гарнизонда әскери қызмет атқарып жүрген тәжірибелі спортшылардың үлесі зор болады.
– Әскери қызметшілеріміздің арасында кәсіби спортшылар, үлкен тәжірибесі мен жоғары спорттық жетістіктері бар азаматтар бар. Олар әскери қызметшілердің балаларына жаттығулар өткізіп, өздерінің білімі мен шеберлігін бөліседі. Осы арқылы жас ұрпаққа спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді майор Заңғар Әлкенов.
Жаңа спорт нысаны әскери қызметшілерге дене дайындығын жоғары деңгейде ұстап, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Ал әскери қызметшілердің балалары үшін бұл кешен алғашқы спорттық жетістіктерге бастайтын, жаңа белестер мен жеңістерге жол ашатын маңызды орынға айналмақ.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

