АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРЫҒЫНА ІЛІНБЕҢІЗ!

Полиция басқармасы мамандарының дерегінше, 2024 жылы Қарағандыда интернет-алаяқтықтың 138 фактісі тіркелген. Күні кеше желіде «700 адамның өмірін қиямын» деп елді дүрліктірген жазба пайда болған еді. Кейін ол 13-тегі жасөспірімнің ойлап тапқан ойыны болып шықты. Соңғы кездері желі арқылы әлеуметті алдағандар көбейіп келеді. Соған орай Қарағанды қаласының Полиция басқармасы №3 автопаркпен бірлесе отырып қалада автошеру өткізді. Шеру барысында №43, №45, №118 автобустарына «Абайлаңыз, алаяқтар!» сынды лозунгісі бар баннер жабыстырылып, әдеттегі маршрутымен жолға шықты.

– Бүгін, 17 ақпанда, интернет-алаяқтық жөнінде биылғы екінші акцияны өткізіп жатырмыз. Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастауымен үшінші автопаркпен бірлесе отырып қала халқына түсіндірме жұмыстарын өткіземіз. Бұл шеру қаланы толықтай қамтиды. Біз адамдарға интернет-алаяқтардың құрығына түспеу керегін тағы да ескертеміз, – деді Қарағанды қаласының ПБ бастығы Шахназар Салин.
Одан бөлек қаланың адам көп жүретін жерлерінде түсіндірме қағаздары таратылды. Егер шағымы бар адамдар болса, сол орнында тұрып арызданса болады.
– Бүгін үш автобус бөлініп отыр. Басты мақсат – қала халқын алаяқтардан сақтандыру. Сонымен қатар 5-29 ақпан аралығында жол қауіпсіздігі туралы акция өткізілуде. Қазіргі таңда қалада үш жол-көлік оқиғасы орын алып, онда төрт адам түрлі жарақат алып, біреуі қайтыс болды. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алу мақсатында тұрғындардан көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланбауын сұраймыз. Қауіпсіздік белдігін тағыңыздар, – дейді ПБ бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.
Барлық автобуста интернет-алаяқтықтан сақтану жайлы аудиоескерту қосылып тұрды.
Қазір алаяқтар аярлықтың түрлі жолын қолданады. Соңғы кездері телефон байланысы арқылы жасалатын ұрлық көбейген. Соның бірі – туысы немесе жақынының қиындыққа ұшырағаны жайлы айтып ақша сұрау. Жол-көлік оқиғасын сылтаурату жиілеп кетті. Қарағанды қаласы көлемінде жалпы 30 дерек тіркелген. Жедел-іздестіру шаралары барысында 19 адам ұсталып, 12 849 600 теңге тәркіленді. Өңірде интернет-алаяқтықты азайтуға бағытталған профилактикалық шаралар жалғасуда. Ақпараттандыру және байланыс саласында жасалатын қылмыстық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша Қарағанды ҚП базасында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-тергеу тобы құрылды.

Қалада интернет-алаяқтықпен күресу үшін түрлі шара қабылдануда:
– Қала кинотеатрларында интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы бейнероликтер тұрақты көрсетіліп тұрады;
– WhatsApp қосымшасы алаяқтықтың алдын алу туралы ақпараты бар жадынама жариялайды;
– 2023 жылы қала үстіне банк қоңыраулары арқылы жасалатын алаяқтық жайлы ескертетін шар ілінді;
– Криминалдық полиция басқармасы қалалық автобустарға интернет-алаяқтық әдістері туралы баяндайтын QR-коды бар парақшалар жабыстырды.
Қарағанды қаласының Полиция басқармасы келген ақпаратты мұқият зерделеп, оны қайта-қайта тексеруді және маңызды қаржылық шешім қабылдау кезінде асықпау керегін ескертеді.
Нұрәсем АХАН,
«QH»