Алан Құрманғалиев – халықаралық турнир жеңімпазы
Қазақстандық жасөспірім спортшы Алан Құрманғалиев АҚШ-тың Спокан қаласында өткен үстел теннисінен халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алды. Әлемдік рейтингте 13-орында тұрған отандасымыз жарыс барысында қарсыластарының барлығын жеңіп, чемпион атанды.
Алан үшін жарыс жолы америкалық Алекс Лоны 3:1 есебімен жеңуден басталды. Одан кейін ол АҚШ-тың тағы екі спортшысымен кездесіп, екеуін де сенімді түрде ұтты. Бұл ойындарда қазақстандық спортшы қарсыластарына бір партиядан ғана берді.
Финалдық кездесуде Алан австралиялық Чулун Неммен шеберлік байқасты. Тартысты өткен матчта қазақстандық спортшы 3:1 есебімен басым түсіп, турнирдің алтын жүлдесін иеленді.
Бұл – Алан Құрманғалиевтің халықаралық аренадағы кезекті жетістігі. Бұған дейін де ол халықаралық сериядағы жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, рейтингтегі позициясын жақсартып келеді.
Жас спортшының кезекті жеңісі қазақстандық үстел теннисінің жас буыны халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Аланның нәтижесі алдағы ірі жарыстар қарсаңында Қазақстан құрамасының әлеуетін де аңғартады.

