Қаңыраған саябақ қалпына келеді

Қарағандыда Пришахтинск саябағы қалпына келтіріле бастады. Ол ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, құлдырап кеткен еді. Бюджеттен абаттандыруға қаражат бөлінді. Енді бұл жер серуендеуге және демалуға қолайлы етіп жөнделетін болады. Ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолы салынып, спорт және ойын алаңдары орнатылады.

Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев жұмыс сапары барысында Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғындары үшін тағы қандай жағдай жасалып жатқанын тексерді.

23-шағынаудандағы саябақта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда ескі қоршау толығымен жойылады. Жарықтандыру қалпына келтіріледі. Қазір арнайы техника жаяу жүргіншілер жолына негіз дайындауда. Содан кейін төсеніштер төселіп, орындықтар мен урналар орнатылады.

Саябақ ортасында бұрын жергілікті тұрғындар жиналатын үлкен алаң болған. Бұл жер абаттандырылады. Сондай-ақ футбол және баскетбол ойындарына арналған алаңдар, балалар ойын кешендері салынады.

Барлық жасыл желек сақталады. Тек құрғақ шөпті орып, демалыс орнын арамшөп пен қурап қалған бұтасыннан тазалау керек. Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, болашақта саябақта пикникке арналған аймақтар жабдықтау жоспарлануда.

– Бірде-бір ағашты кесіп тастауға жол бермейміз, барлық жасыл желек сақталуы тиіс. Қурап қалған өсімдіктерден арылуға көмектесетін мамандарды шақырыңыздар. Жұртшылықпен бірге жұмыс сапасын бақылаңыздар. Бұл саябақ Пришахтинск тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналуы үшін бәрін жасаңыздар. Болашақта аттракциондар да пайда болуы керек, бизнес өкілдерін тартыңыздар, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.

Сонымен қатар Пришахтинскіде шығармашылықты дамыту орталығы салынады. Облыс әкімі құрылыс алаңында болып, мердігер ұйымның басшысымен сөйлесті. Ол ешқандай кедергі жоқ екенін айтып сендірді, құрылыс бастауға барлығы дайын.

Нысан 2024 жылы тапсырылуы тиіс. Бөлме кең әрі екі қабатты болады. Балаларды дамыту үшін қажет нәрсенің бәрі қарастырылған: музыка, сурет, сәулет, теледидар және фотостудия, робототехника зертханасы, экологиялық орталық және т.б.

Ермағамбет Бөлекбаев бұл күні сонымен бірге Сұрыптау шағынауданында да болды. Мұнда Теміржолшылар МҮ жанындағы саябақ абаттандырылады. Тұрғындар қала билігінен бұл аумақты жақсартуды сұраған. Осы жазда қырлы тас төселеді, жүгіру және веложолдар жасалады, спорт алаңдары мен ойын кешендері орнатылады. Сонымен қатар ит серуендететін алаң болады.