Такси жүргізушілері әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған
Онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері өздерінің әлеуметтік тұрғыда ешқандай қамсыздандырулары жоқтығын айтып наразы. Олардың табысының төрттен бір бөлігі пайыздық көрсеткішпен ұсталып, бірақ зейнетақы жарналары да, медициналық сақтандыруы да төленбейді. Өйткені Қазақстанда онлайн сервистік ұйым иелерін қызметкерлер үшін салық және әлеуметтік жарналар төлеуге мәжбүрлейтін заң жоқ. Дегенмен бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қаралу үстінде.
Онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін курьерлер мен такси жүргізушілері тәулігіне 12-ден 24 сағатқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Табыстың жартысы бензинге және автомобильдерге қызмет көрсетуге жұмсалады, ал қалған ақшадан агрегаторлар 23 %-ға дейін қағып алады. Бұл ретте жүргізушілер мен курьерлерге зейнетақы да, әлеуметтік аударымдар да, медициналық сақтандыру да аударылмайды. Интернет платформа арқылы жұмыс жасауда игерілмеген тетіктері барын жоққа шығармаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл күрделі мәселе туралы былай деп пікір білдірген:
— Біз мұны платформа операторларымен бірге талқылап жатырмыз. Ресей қазірдің өзінде такси жүргізушілері үшін әлеуметтік аударым жасайтын пилоттық жобаны бастады, онда платформа операторлары жұмыс істеп жатыр. Бұл төлемдер қызметкерлердің бағдарлама операторына төлейтін қаражаты есебінен жүргізіледі. Дәл осындай бағдарлама Кореяда және Қытайда жүзеге асырылып жатыр. Еуропа да бұл жұмысты бастады, сондықтан қазір олармен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Жалпы алғанда, бұл жұмыс жүргізілуі керек, айталық, такси жүргізушісі кез келген уақытта жұмыссыз қалуы мүмкін, ал оларға кім жәрдемақы төлейді? Техниканың аты — техника, үнемі жол үстінде жүреді, жол-көлік апатына ұшыраса, мүгедек боп қалуы мүмкін, олар үшін әлеуметтік сақтандыру қорына еш аударым жасалмайды. Сондықтан операторлармен әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылауымыз керек.
” Агрегаторлар жұмысшылар үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды, өйткені олармен еңбек шарттарын жасамайды. Тек демалыс жəне аурухана төлемдерін қамтымайтын азаматтық- құқықтық шарттары бар
Көпшіліктің пайымдауынша, қолданыстағы заңнамада еңбек қатынастары фактісін тануға жеткілікті көптеген негіз бар. Бірақ нақты тұжырымдалған нормалар жоқ. Сондықтан қазір елде платформалық еңбек аясында еңбек қатынастарының белгілері туралы егжей- тегжейлі критерийлерді әзірлеу қажеттілігі туындап тұрғаны анық. Онлайн қызметтер іскерлігін заңдастыру өз кезегінде ел бюджетіне салық төлеуден жалтарып жүрген талай қызметті айқындайтын тетік болмақ.
” Бүгінде 100 мыңнан астам қазақстандық жеке тасымалдау жəне курьерлік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.
Бұл ретте жүргізушілер сервис тарапынан жаппай бақылауға ұшырайды. Олардың қозғалысы геодеректер арқылы бақыланады, қызметкер клиенттің таңдауына, тариф пен маршрутқа әсер ете алмайды. Бұл кіріс тапсырыстарының санына әсер ететін рейтингіге байланысты. Онлайн платформалар курьерлер мен жүргізушілердің еңбегін пайдалана отырып, олар үшін жауапкершілік алмайды. Жұмыс беруші тарапынан ұсынылар талаптың өздеріне жағымсыз екенін білсе де, көптеген такси жүргізушісі бұл талапқа шарасыз көнеді. Солардың бірі Марат Беков жағдайды былай деп түсіндірді:
— Жұмысым жоқ. Бірақ балалардың оқуы, күнкөрісі үшін ақша керек. Такси жүргізушісі болудан басқа амал жоқ. Мұнда 8–10 сағат деген жұмыс ауысымы жоқ. Жалға алған көліктің ақысын өтеу үшін, оған бензин құю үшін, одан қалса, аз да болсын күнделікті отбасына қажет ақша табу үшін 20–25 сағат жұмыс жасаймыз. Біздегілердің әрқайсысы 35–45 тапсырыс орындайды. Бұл — айына 900–1000 тапсырыс. Эконом санаттағы такси болса — орта есеппен 400, комфорт түрі болса — 1000– 1200 тг. Барлығын қосып есептеп, шыққан соманың 21 %-ы Қазақстаннан сыртқа кетіп жатқанын ойласаңыз, талай ақша шекара асып кететіні қынжылтады
Еңбек министрлігі интернет платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлердің өтініштерін ескерді. Сонымен қатар фрилансер немесе тәуелсіз қызметкерлер мәртебесін бекіту және оларға онлайн платформалардың әлеуметтік кепілдіктерін заңды түрде бекітудің уақыты келгенін де растайды. Министр Қазақстанда жұмыс істейтін Naimi.kz, QuickWork, Яндекс. Такси, Kolesagroup, Glovo.kz, Chocofood, Aviata, Chocotravel сынды онлайн платформалардың өкілдерімен кездесу өткізді. Олардың барлығы дерлік қазақстандықтарды жұмысқа алады. Бірақ оларды қызметкерлері емес, әріптестері ретінде қабылдайды. Үкімет заң жобасын пысықтау кезінде такси жүргізушілерінің ұсыныстары мен сын-ескертпелерін ескеруге, ал шілде айында онлайн сервистер әлеуметтік төлем жасайтын пилоттық жобаны іске қосуға уәде берді. Онлайн платформадағылардың жұмысын оңтайландырар уақыт алыс емес деп сенеміз
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»