Қаз дауысты Қазыбек би
Бүгінде тәуелсіз мемлекет ретінде бұрын біржақты бағаланып келген тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша парақтап, даңқты тұлғаларымыздың өткен өміріне шынайы баға беруге мүмкіндік туып отыр. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта ұлт болашағы үшін батыл қадамдар жасап, ұлы мұрат жолында күшжігер көрсеткен тұлғаларымызды барынша ұлықтау аса маңызды.
XVI–XVIII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары — Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII ғ.) т. б. жыраулар.
Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрі дерлік тарихи оқиғаларға құрылған. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары — тарих шындығымен қабысып жатқан шығарма. Қазақтың әлеуметтік- тұрмыстық дастандары да («Қозы КөрпешБаян сұлу», «Қыз Жібек» т. б.) феодалдық- рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.
Бұл кезде Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысын және халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар, негізінен, XVI–XVIII ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс- тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады.
Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырыпсалма өнері мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шебері болған. XVI–XVIII ғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663– 1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665–1765), және Әйтеке Байбекұлы (1682–1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған. Бұл кезде қазақ тіліндегі жазба әдебиеттері діни және аңыздық мазмұндағы кітаптар түрінде таралды, сондай- -ақ тарихи шығармалар мен рулар тарихы (шежіре) жасалды. Олардың ішінен Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камал-ад-дин Бинайдың «Шайбанинамасын», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиін», Қожамқұл бек Бахидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали Жалайырдың «Жами-аттауарихын» және басқа да шығармаларды арнайы бөліп көрсетуге болады.
Бұл аймақта Орта жүзден тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қатарлы 7 ру отырған. Тарақты тайпасының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың билігінде, Қанжығалы арғынның 2000 отбасы Бөгенбай батырдың билігінде, Қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің билігінде, Алтай арғынның 3 000 отбасы Нияз батырдың билігінде… Алтай арғындардың Қазыбек би, Нияз батыр сынды адамдары Қарқара, Қазалық жерлеріне қоныстанған деген мәліметті де осы қытай құжатынан көреміз.
Ал Бұқар жырау мен Қаз дауысты Қазыбек бидің осы кезде отырған жері үлкен Далба мен кіші Далба еді.
Ресей ұзақ жылдарға созылған қазақ- қалмақ жаугершілігін пайдаланып Ертіс асып, Есілдің орта ағысына келіп шекара бекітті де, Абылай заманында одан бері асқан жоқ. Қазіргі Қызылжар 1751 жылы Святой Елена бекінісі болып қалмақтың ханы Лама доржы қазаққа шүйіліп тұрғанда салынды. Қытай империясы Жоңғария жерін алып қалмақ- ойратты қырып- жойғаннан кейін жемсауы толып, қазаққа қарай басқан жоқ. Шығыс Түркістан өлкесіндегі қалалардын бәрін Қытай басып қалды. 1756–1757 жж. бір жарым жыл соғыстан соң қытай мен қазақ арасында бітім жасалды. Енді Жоңғариядан қалған кең-байтақ өлкеге талас басталды.
Алтай мен Тарбағатайға алдымен ұмтылған — қазақтың Орта жүзі, оның ішінде керей мен найман елдері. Олардың соңынан арғынның біраз руы жылжыды. 1762 жылдың көктемінде Аягөз асып Ерен Қабырға маңына жақындаған бура найман Қабан бидің ауылдары мен қаракесек Қаз дауысты Қазыбек бидің қарамағындағы біраз ел Қытайдың шекаралық әскерінің шабуылына ұшырады.
Қаз дауысты Қазыбек 90 жасында осы оқиғалардың куәсі болды. Батыры да, биі де сайлы елдің өз туыстарын аждаһаның аузынан аман алып шыққанын көрді. Өзінің еккен дәні көктеп, өсіп, тоғай болғанына көзі жетті. Қаз дауысты Қазыбектің билік, елшілік үлгісі тек қана руаралық емес, мемлекетаралық қарым- қатынастарды шешетін құрал еді.
Қаз дауысты Қазыбектің даңқы Қытай асып жатқандығының бір көрінісі — осы құжаттар. Алдымен жанжалдасып басталған қазақ- қытай қарым- қатынасының қазақ пайдасына шешіліп, үлестен құр қалмауына үш жүздің хандары мен билерінің ақылы мен қажыры, табандылығы мен жүректілігі себеп.
Сонымен, Абылай сұлтан қайтып келгеннен кейін, қазақ жағы кеңес қылып, келесі көктемде Барақтың ұлы Шығай сұлтанды Қалдан Серенге апарып беріп Әбілмәмбеттің ұлына айырбастауға келіскен. Және Қалдан Серенге сыйлық ретінде ақ қаршыға мен құмай тазы апаруды ұйғарған.
Ірі саяси оқиғаларға толы XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында өзара және басқа жұртпен ат арқылы пікір алысу, түрлі байланыс жасау мәдениеті сол заманға лайық деңгейде дамыған. Қазақ елінің қоғамдық тіршілігін ұйымдастырушы, басқарушы міндетін атқарған хандар, билер, батырлар Ресей губернаторларымен, Орта Азия ханы, бектері, Жоңғария қонтайшыларымен жер және түрлі саяси мәселеге байланысты ылғи хат алысып тұрған. Осы мақсатта олар арнайы хатшы ұстаған. Хатшы міндетін татар, Бұқар, Хиуа, сондай-ақ қазақ қоғамының өзінен шыққан, араб жазуынан сауаты бар адамдар атқарған. Жазылған хатты белгілі бір кісіге жеткізу міндеті, негізінен, батырларға жүктелген.
Арғын руының және Қазыбек бидің жағдайы туралы Сырымбет пен басқа да игі жақсылардан алдымен жеке-жеке сұрап, соңынан бәрінің басын қосып әңгімелесіп, мыналарды білдім:
- Жасы бұл күнде 96-ға келіп отырған Қазыбек би Орта жүзде атақты әрі әлеуетті би саналады. Арғын ішіндегі қалың қаракесекте оның әкесі және аталары әрқашан би болып келген. Арғын арасында сұлтандар ел ағасы болып өтe сирек сайланады. Мысалы, қазір он ұлыстан тұратын арғын руында екі-ақ сұлтан бар. Олар: Төртуыл ұлысындағы Тәуке сұлтан, Түркістанның жартысын билеп тұрған Сәмеке ханның ұлы Есім ханның ағасы. Ал алтай — қарпық — арғын ұлысында Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтан болып отыр. Бұлардың бірде- біреуі Қазыбек бидің келісімінсіз маңызды мәселе шеше алмайды.
- Мен бұл адамдардан былай деп сұрадым: «Осы Қазыбек би өзінің бүкіл ұлысымен Ресей патшасының қоластына қарағалы көп уақыт болыпты. Соған қарамастан соңғы 20 жылдан бері не Орынборға, не Сібірдің басқа бекіністеріне өздерінің адалдығын бекітіп, қайтадан ант беруге неге келмеген?»
Қазыбек бидің атынан келген мына ел ағалары маған төмендегі жағдайларды да хабарлады.
Орта жүздің ханы Сәмеке өлгеннен кейін, осы Орта жүзге Әбілмәмбет хан болып сайланған. Содан кейін ол Түркістанға да хандыққа шақырылған, алайда Түркістанның маңайындағы қалашықтардың халқы жасырын мәміле жасап, Түркістанға бұрынғы Сәмеке ханның балаларының біреуін хандыққа сайлап алғысы келген. Сөйтіп, Сәмекенің кіші ұлы Есім сұлтан Түркістанның шығыс жағын иеленген.
Ал Түркістан маңындағы қалалардың тұрғындарынан Әбілмәмбет хан пара ала берген соң, елдің берекесі кеткенін пайдаланған Есім сұлтан өзінің жақтастарымен қосылып Әбілмәмбетті қуып шыққан. Осылайша Әбілмәмбет хан Түркістаннан кетіп, арғын арасында, алтай- қарпықтағы өзінің ұлы Әбілпейізді және қаракесек Қазыбек биді паналаған.
Қаз дауысты Қазыбек жайында тарихи құжаттар Ресей мемлекетінде Орынбор, Омбы қалаларында сақталған. Мұнымен қатар Қытайдың біраз құжатында би туралы мағлұмат бар.
Қарағанды қаласының екі ауданының бірі Ә. Бөкейхан атында болса, екіншісі Қаз дауысты Қазыбек би атында. Бұл — қаланың оңтүстікшығыс және орталық бөлігін қамтитын іскерлік және мәдени бөлігі. Бірнеше жоғары оқу орны, қаланың көрікті ғимараттарынан театрлар, музейлер бар. Ел тарихын айшықтайтын бірнеше тарихи ескерткіш және қала халқының демалыс орны да осы ауданда орналасқан.
Т.Т. АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми- техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы