3 миллионға жуық қазақстандық банктерге қарыз емес

Бүгінге дейін қазақстандықтар 3 триллион 600 миллард теңге тұтынушылық несие алған. Бұл қазақстандықтардың қарызға белшесінен батып бара жатқанын анық көрсетеді. Негізі, мамандар кредиттің төлем мөлшері жалақының 30 процентінен аспағаны жөн дейді. Себебі күнделікті тіршілікте күтпеген жағдайлар шығып қалуы мүмкін.

Оған да ақша қажет болады. Ал айлығының басым бөлігі ішіп-жемнен аспайтын қазақстандықтардың көбі бұл қағиданы физикалық тұрғыда ескере алмайтын сияқты. Салдарынан күн сайын қарызға белшесінен батып барады. Қаржы кеңесшілерінің айтуынша, ең жағымсызы — ойын-сауыққа жұмсалған кредиттер. Той, демалыс, саяхат және тағысын тағы. Қуанышты күн өтеді, ал кредитті айлап, тіпті жылдап төлеуге тура келеді. Қарыз алған адам үй жалдап тұрса, уақыт өте келе қаржы жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда қинала бастайды. Себебі ақшаның біраз бөлігі ай сайынғы қарыз жабуға кетеді. Ондай кредитті қайтару қиын. Сарапшының айтуынша, банктің кредит картасындағы ақша да оңайлықпен қайтарылмайды. Өйткені адам байқамай көп нәрсе алып қоюы мүмкін. Сөйтіп, қарызға белшесінен батып кетеді.

Кредит алар алдында мүмкіндігіңізді бағалап алған жөн. Қаржы қоры болуы қажет. Оны күтпеген жағдайларда пайдалануға болады. Ал кредиттің ай сайынғы төлем мөлшері табыстың 50 процентінен артық болса, қарыздан шықпай қалу қаупі бар. Ондайда адам тағы кредит алып алдыңғы қарызын жабуға тырысады. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді.

Кейінгі жылдары құмарлық, тәуелділік секілді жағдайлар саны артып келе жатыр. Бұл қатарда қарыз алуға бейімділік, қарызға тәуелділік бар екені жасырын емес. Психологтер мұны психологиялық симптомның бірі ретінде қарап, «кредитомания», яғни «қарызға құмарлық» деп атайды. Күнделікті өмірде ақшалай қарыздан бастап киім-кешекке дейін бөліп төлеуге алатындар да бар.

«Кредитомания» деген не, қарыз алуға бейім болуға қандай фактор әсер етеді? Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, елімізде 3 миллион азамат қана банкке қарыз емес. Ал жалпы портфельдегі ипотекалық қарыз 3 триллион теңгеден, ал автонесие триллион теңгеден асады. Былтыр 65 пайыздан аса қазақстандық автокөліктерді пайызбен алған.

Былтыр бюро бөлшек қарыз өсіп жатқанын (шамамен 43 пайыз) тіркеді. Яғни қазақстандықтардың тіпті тауарды да қарызға көбірек ала бастағаны айтылды. Бұл қарыз сомасы 5 триллион теңгеден асады екен.

Негізі, қарызға тәуелділік — адам санасында бүгін пайда бола салған жоқ, ол ертеден бар құбылыс. Несиеге, қарызға тәуелділік адамның түрлі психологиялық күйіне тән. Көп жағдайда бұл симптомға шалдыққандар қаржылық жағдайын түзетуді емес, белгілі бір эмоцияны сезінгісі келеді. Жеке бюджетін сауатты жоспарлай алмаудан, қызыққан нәрсенің бәрін алғысы кеп тұрудан да туындайды. Бұл қатардағы адамдар «бүгін жолым болмаса, ертең сәті түсер, қарыздан құтылармын» деген жеңіл оймен өмір сүреді.

Бірақ қаржылық жағдайы жақсармаса, уақыт өте келе қарызды қарызбен жамайды. Бұл — бір жағынан, белгілі бір эмоцияны қайта сезінгісі келу немесе мәселені оңай жолмен шешу. Тауарды несиеге алу қалаған нәрсеге жұмыс істемей-ақ қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан кей адам осы жақсы сезімді сезінуден бас тартпайды.

Кредитоманияға қандай факторлар әсер етеді? Дамыған заманға сай түрлі жарнама, маркетинг, әйелдер қауымы үшін сәнқұмарлық жаппай кредитоманияға әкеп соқтырып отыр. Маманның айтуынша, олар бұл жағдайда қарызды тығырықтан шығар жол деп санайды. Психолог несиеге тәуелділіктің бір себебі бала кездегі психологиялық жағдайдан немесе есейсе де сол психологиялық күйден шыға алмаудан болатынын айтты. Дүкенге кірген кішкентай бала «болды, осыны аламын» деп қиғылық салады. Маманның айтуынша, қарызға бейім ересектерде де дәл сол схема қайталанады.

Несиеге тәуелділікке әсер ететін екінші фактор нарцисс адамдардан да байқалады. Олар заман табына сай қымбат гаджет, көлік секілді нәрселерге тез қол жеткізгісі келеді. Нарциссизм — психиканың ерекшелігі. Нарцисс адам өзін бірегей тұлға ретінде қабылдап, басқалардан жоғары санайды, бірақ бұл әрқашан дұрыс бола бермейді. Осы жағдай қазір көптеген адамның мінез- құлқында байқалады. Елде жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау бойынша заң жобасы дайындалып жатқаны мәлім. Банкроттық рәсімі қалай жүреді?

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жеке тұлғалардың банкроттығы компаниялардың банкроттығынан өзгешеленеді және азаматқа бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік береді. Дегенмен жағдайы келгенде қарыздың бір бөлігін төлеуге бәрібір тура келмек. Соттар бірнеше миллион адамның банкрот болғаны жайлы тау-тау шағымының астында көміліп қалмауы үшін, сондайақ аз ғана қарыз сомасы бар, бірақ оны өтеу үшін ресурстары жоқ тұлғаларға банкроттық рәсімінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заң жобасы әрбір адамның борыш сомасына қарай бірнеше тәсілді (төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттау) рәсімдерін көздейді. Нақтылай кетсек, қарызы 1 600 АЕКтен (2022 жылы — 4,9 миллион теңгеден) аспайтын және мүлкінің болмауына байланысты қайтарылған атқарушылық құжаты бар жеке тұлғаға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану ұсынылып отыр. Қайтарылған атқару парағы борышкердің қарызды төлеуге қаражаты жоқ екенін және бұл факт атқарушылық іс жүргізу барысында расталғанын куәландырады. Банктік заем немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің берешекті өндіріп алу шарты бойынша міндеттемелерді оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап 5 жыл ішінде орындамаған азаматтар да соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады. Сонымен, заң қабылданған соң, уәкілетті органның сайтында «қандай да бір борышкерге қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің қолданылғаны» туралы хабарландыру жарияланады. Содан 6 ай бойы әрбір борышкер туралы ақпарат барлық кредиторлар үшін ашық, қолжетімді болады. Банкроттан өту рәсімінің ауыр болуының бір себебі де осында кімнің банкрот екені жалпақ жұртқа жария болады. Егер осы жарты жыл ішінде борышкердің меншігіне мүлік түссе немесе оның мүліктік жағдайы басқа да жолмен айтарлықтай өзгеріп шыға келсе, соның арқасында берешегін өз бетінше өтей бастаса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға міндетті. Тиісінше ол туралы ақпарат жойылуы қажет. «Алайда егер 6 ай ішінде жағдайы жақсармаса, соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталса, борышкер банкрот деп жарияланады және алимент төлеу, өзгенің өміріне немесе денсаулығына келтірген зиянын өтеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, басқа барлық қарызынан босатылады», — деп хабарлады Қаржы министрлігі. Осы орайда «алған қарыздан осылай құтыла салуға болса, онда жұрттың бәрі банкрот болуға жүгірмей ме?» деген сауал туады. Оған тосқауыл қою үшін мемлекет бірнеше шектеу енгізбек. «Банкроттықтың борышкер үшін белгілі бір салдарлары болады. Біріншіден, ол ары қарай 5 жыл ішінде банктерден (соның ішінде Отбасы банктен де) және микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайды. 3 жыл ішінде емделуді, жақын туысын емдеуге ере жүруді және жақын туысын жерлеуді қоспағанда, Қазақстаннан тыс, шетелге шыға алмайды», — деп түсініктеме берді ведомство. Заң жобасында «Азаматтар банкроттық рәсімді 7 жылдан кейін қайта пайдалануға құқылы» деген норманы бекіту ұсынылып отыр.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»