Құқықтық дәріхана: заңгер кеңесі – құқықтық сауаттылық кепілі

Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы. Қарағандыда тұрғындарға құқықтық көмекті қолжетімді ету мақсатында «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Оның көшпелі пункттері Пришахтинск пен Сұрыптау шағынаудандарындағы сауда орындарында жұмыс істеп, тұрғындарға коммуналдық, отбасылық және қаржылық мәселелер бойынша тегін кеңес берді. Бұл жолы дәрі-дәрмектің орнына заң баптары ұсынылып, білікті мамандар тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Жоба Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аппаратының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды. Көшпелі пункттердің сауда үйлерінде орналасуы да бекер емес. Өйткені күнделікті тіршілік қамымен жүрген тұрғындар арнайы мекемеге бармай-ақ, өздеріне қажетті құқықтық кеңесті көпшілік жиналатын жерде ала алады.

Акцияның мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Бибігүл Әбдіғасырдың айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындар мен тиісті сала мамандарының арасындағы байланысты жақындатып, күнделікті өмірде туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

«Құқықтық дәріхана» акциясы аясында тұрғындар сауда орталығында мамандардан тегін кеңес ала алады. Кейбір мәселелер бірден шешілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда өтініштерді тиісті мекемелерге жолдап, олардың қаралуына ықпал етеміз», – деді Бибігүл Әбдіғасыр.

Мамандарға жүгінген тұрғындардың сауалдары сан алуан. Бірі әкімдік жұмысына қатысты сұрақтарын қойса, енді бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы түйткілдер, аулаларды абаттандыру және коммуналдық қызмет өкілдерімен арадағы түсініспеушіліктер туралы айтты. Заңгерлер әр өтінішті жеке қарастырып, мәселенің шешу жолдарын түсіндірді.

Кездесуде қаржылық алаяқтықтың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Тіпті жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын қолдан жасауға да болады. Сондықтан мамандар бейтаныс адамдардан келетін бейнеқоңырауларға жауап бермеуге, телефонға келген SMS-кодтарды ешкімге айтпауға кеңес берді.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қаржылық шығынның алдын алуға көмектеседі. Бұл туралы аудан прокуратурасы өкілдері де тұрғындарға жан-жақты түсіндірді. Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Азиза Амангелдинаның сөзінше, акция барысында азаматтарға құқықтық кеңеспен қатар, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары да ұсынылды.

«Бүгін ауданымызда тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған акция өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан тікелей кеңес алып, құқықтарын қорғау жолдарын біле алады. Сонымен қатар қаржылық алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Азиза Амангельдина.

«Құқықтық дәріхана» атауының өзі жобаның мәнін аңғартады. Дер кезінде алынған заңгер кеңесі адамның қаржысын сақтап, коммуналдық даудың ушығуына жол бермеуі немесе күрделі мәселенің шешімін табуға көмектесуі мүмкін. Мұны акцияға келген Пришахтинск тұрғыны Тамара Рудницкая да растайды. Оның айтуынша, телефон арқылы бірнеше рет хабарласқан алаяқтардың арбауына түсе жаздаған. Сондықтан мамандардың ескертуі мен кеңесі ол үшін маңызды болған.

«Осындай «Құқықтық дәріханалардың» болғаны жақсы. Мұнда бәрін түсіндіріп, көрсетіп береді. Осындай акцияны ұйымдастырушыларға рақмет! Менің мәселем полицияға қатысты болды. Алаяқтар маған телефон арқылы бірнеше рет хабарласты. Мен де олардың арбауына түсе жаздадым. Сондықтан осындай кездесулерді жиі өткізу керек», – деді Тамара Рудницкая.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелі топтар аудан аумағын аралауды жалғастырады. Себебі тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, алаяқтықтан сақтандыру және коммуналдық мәселелердің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет. Ал заңгер көмегінің тұрғындардың күнделікті өміріне жақын жерде көрсетілуі құқықтық қолдаудың қолжетімділігін арттыра түспек.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»