Қарағанды құрамасы суға секіруден ел біріншілігінде үздік үштіктен көрінді

Алматы қаласында түрлі жас санатындағы спортшылар арасында суға секіруден Қазақстан чемпионаты өтті. Республикалық жарыста Қарағанды облысының командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны 17 медаль жеңіп алды. Оның алтауы – алтын, бесеуі – күміс, алтауы – қола.

Суға секіру спортынан өтетін жарыстарда қатысушылардың физикалық дайындығымен қатар, қимыл үйлесімділігі, тепе-теңдікті сақтауы және техникалық шеберлігі бағаланады. Ел чемпионатында да спортшылар осы талаптар бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

Қарағанды облысының намысын қорғаған жас спортшылар бірнеше санатта жүлделі орындарға ие болды. Азия чемпионатының 13 жасар жүлдегері Тимур Гасюль екі алтын және бір қола медаль жеңіп алса, Никита Малиновский екі мәрте Қазақстан чемпионы атанды.

Сондай-ақ Михаил Балықин бір алтын және екі күміс медаль иеленді. Арина Дементьева алтын жүлдеге қол жеткізді. Алина Тамабаева екі күміс және бір қола медальмен марапатталса, Аурика Калараш бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Ал Ева Мох пен Дарья Тарасова жарыстың қола жүлдегерлері атанды.

Жас спортшылардың бұл жетістігі – жүйелі жаттығу, табанды еңбек пен бапкерлер жұмысының нәтижесі. Әсіресе халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған Тимур Гасюльдің кезекті табысы өңір спортындағы жас буынның әлеуетін аңғартады.

Қарағандылық спортшылардың ел чемпионатындағы нәтижесі өңірде суға секіру спортының дамып келе жатқанын көрсетеді. 17 медальмен қоржынды толықтырған команда алдағы жарыстарда да облыс намысын абыроймен қорғауға ниетті.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»