Медициналық инфрақұрылым жаңарады
Қарағанды облыстық онкологиялық орталығында жаңа операциялық-реанимациялық блоктың қосымша ғимараты салынады. Жоба медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» жылы аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету міндеттерімен үндеседі. Жобаны жүзеге асыруға мемлекетке қайтарылған активтерден түскен қаражат бағытталмақ. Сонымен қатар бөлінген қаржы медициналық мекемені заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Жаңа ғимараттың іске қосылуы операциялық және реанимациялық бөлімдердің мүмкіндігін кеңейтіп, күрделі медициналық көмекті ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар үшін уақытылы ем қабылдаудың маңызы зор.
Жобаның негізгі нәтижелерінің бірі – операция кезегін күту мерзімін қысқарту. Құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа бөлімше толық іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткішті қазіргі 10 күннен 1 күнге дейін азайту жоспарланып отыр.
«Халықтық құрылыс» аясындағы мұндай әлеуметтік маңызы бар жобалар медициналық қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған инфрақұрылымды дамытуға да үлес қосады. Қарағандыдағы онкологиялық орталықтың жаңа блогы өңірдегі денсаулық сақтау саласының мүмкіндігін кеңейтіп, науқастарға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге жағдай жасамақ.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

