Қарағандыда жатыр миомасын емдеудің жаңа әдісі енгізілді

Қарағандыда жатыр миомасын емдеудің заманауи әдісі – радиожиілікті абляция алғаш рет қолданыла бастады. Жаңа технология науқасқа күрделі полостық операция жасамай-ақ, миома түйінінің көлемін кішірейтуге және жатырды сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бұл әдіс көпбейінді №1 ауруханада енгізілді. Алғашқы кезеңде радиожиілікті абляция көмегімен төрт операция сәтті жасалды. Жаңа технологияны тәжірибеге енгізу үшін өңірге Орал қаласынан тәжірибелі маман, көпбейінді медициналық орталықтың реконструктивті гинекология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Мұқанов арнайы шақырылған. Екі күнге созылған шеберлік сабағы барысында жергілікті дәрігерлер әріптесімен бірлесіп төрт операция жасап, жаңа әдісті тәжірибе жүзінде меңгерді. Радиожиілікті абляция кезінде арнайы ине арқылы берілетін электр тогының көмегімен миома тіндеріне әсер етіледі. Әдістің басты ерекшелігі – емдік ықпалдың негізінен ісік тіндеріне бағытталуы. Осылайша, айналасындағы сау тіндер мен ағзаларға зиян келтіру қаупі азаяды. Сонымен қатар бұл тәсіл операциялық жарақатты азайтып, науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.

– Бұл әдіс Қарағанды облысында алғаш рет қолданылып отыр. Ең басты артықшылығы – жатырды сақтай отырып, миома түйінінің көлемін азайтуға мүмкіндік беруі. Жаңа технологияны жергілікті дәрігерлермен бірге тәжірибеде қолданып, алғашқы төрт операцияны орындадық, – дейді Ерлан Мұқанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл – өңір медицинасы үшін маңызды жаңалық. Жаңа технологияны меңгеру гинекологиялық көмектің сапасын арттырып, әйелдерге көрсетілетін медициналық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»