Қарағандының туристік орындары цифрлық картада қолжетімді болады
Қарағанды облысының туристік әлеуетін таныту бағытында жаңа жоба қолға алынды. Енді өңірдегі көрікті жерлер, табиғи нысандар мен демалыс аймақтары 2ГИС электронды картасына енгізіліп, саяхатшылар үшін қолжетімді болмақ.
Бұл бағыттағы жұмыстар Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы мен 2ГИС компаниясының өзара әріптестігі аясында жүзеге асады. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, өңірдің туристік нысандары жөніндегі ақпаратты толықтыруға және цифрлық картадағы мәліметтерді жаңартуға келісті.
Жоба барысында Қарқаралы, Балқаш және облыстың өзге де туристік аймақтарына басымдық беріледі. Сонымен қатар бұған дейін электронды карталарда толық көрсетілмеген жаңа бағыттар мен көрікті орындар цифрлық жүйеге енгізілмек.
Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының директоры Бахтияр Бекмұрзаевтың айтуынша, өңірде саяхатшылардың қызығушылығын тудыратын, алайда цифрлық платформаларда әлі де толық қамтылмаған орындар аз емес. Олардың қатарында Бұйратау және Қарқаралы ұлттық парктері, Қызыларай тауы мен облыстың ең биік нүктесі – Ақсоран шыңы бар.
Жаңа бастама аясында табиғи көрікті жерлермен қатар, демалыс орындары туралы ақпарат та жүйеленеді. Бұл өңірге алғаш рет келетін туристерге қажетті мәліметті бір жерден алуға, баратын нысандарын таңдап, саяхат бағытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
2ГИС компаниясының дерегінше, Қарағанды облысының электронды картасын осы уақытқа дейін 1,4 миллион пайдаланушы қараған. Әсіресе жаз мезгілінде, шілде мен тамыз айларында платформаға деген қызығушылық артқан. Бұл өңірдің жазғы туристік бағыттарына сұраныстың бар екенін аңғартады.
Айта кетейік, биылғы жазғы туристік маусымда Қарағанды облысына 400 мыңнан астам адам саяхаттаған. Мамандардың пікірінше, туристік нысандар туралы ақпараттың цифрлық картада толық әрі қолжетімді болуы аймақтың танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, Visit Karaganda мен 2ГИС арасындағы әріптестік өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға, ішкі туризмді дамытуға және саяхатшылар үшін қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

