Қарағанды кардиоорталығы жаңғыртылады

Қарағанды облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өңірлік кардиологиялық орталықта жаңа рентген-операциялық блок салу жоспарланып отыр. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілетін кешен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жуырда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталыққа барып, жаңғырту жоспарымен танысты.

Бүгінде Қарағанды облыстық кардиологиялық орталығында жыл сайын жүрек пен қан тамырларына үш мыңға жуық ота жасалады. Науқастар санының көптігіне қарамастан, рентген-операциялық бөлімше үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда төрт ангиографиялық қондырғы бар. Алдағы уақытта тағы үшеуін сатып алу көзделген.

Жаңа қондырғылар дәрігерлердің мүмкіндігін арттырып қана қоймай, өңірде бұрын кеңінен қолданылмаған медициналық технологияларды енгізуге жол ашады. Олар қан тамырлары арқылы жасалатын күрделі оталарда, жүрек ауруларын емдеуде, жүрек қақпақшаларын ауыстыруда және жүрек ырғағының бұзылыстарын түзетуде қолданылады.

Кардиологиялық орталық директоры Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, ангиографиялық жабдықтардың қолдану аясы кең. Олардың көмегімен жүрек пен қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауға мүмкіндік бар.

– Бұл қондырғылар қан тамырларының ішіне жасалатын медициналық оталарға арналған. Олардың көмегімен жүрек тамырларына және жүректің өзіне операция жасауға болады. Сондай-ақ жүрек қақпақшаларын ауыстырып, жүрек ырғағының түрлі бұзылыстарын емдеуге мүмкіндік береді. Яғни, бұл жабдықтардың қолдану аясы өте кең, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Орталықты жаңғырту тек жаңа аппараттар сатып алумен шектелмейді. Жоспар бойынша ғимараттар мен бөлімшелер қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өтеді. Төсек-орын саны көбейіп, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері кеңейтіледі. Сонымен қатар заманауи ультрадыбыстық диагностика бөлімшесін ашу және медициналық инфрақұрылымды жаңарту көзделген.

Бұл өзгерістер пациенттерді қабылдау мүмкіндігін де арттырмақ. Орталық басшысының мәліметінше, жаңғырту нәтижесінде жылдық қабылдау қуаты бес мыңнан сегіз мың пациентке дейін ұлғаяды.

– Ең бастысы, жобаның арқасында пациенттерге жасалатын жағдай жақсарады. Орталықтың жылдық қабылдау мүмкіндігі бес мыңнан сегіз мың адамға дейін артады. Жобаны жүзеге асыру арқылы Қарағанды облысының тұрғындары үшін жоғары технологиялық әрі сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырамыз, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Кардиологиялық орталықты жаңғырту Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылымды дамыту міндеттерімен де сабақтас. Президент медициналық қызмет сапасын арттырумен қатар, қажетті инфрақұрылымды облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен шағын елді мекендерде де дамыту маңызды екенін атап өткен.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұсынылған жаңғырту жоспарын қолдап, көзделген жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Жаңа рентген-операциялық блок пен заманауи медициналық жабдықтар іске қосылған жағдайда, өңір дәрігерлерінің күрделі оталар жасау мүмкіндігі кеңейеді. Ал бұл, ең алдымен, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан тұрғындарға сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуға жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»