Инклюзивті қоғам қалыптастыру – ортақ міндет
Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын мысалы – биыл ширек ғасырлық мерейтойын атап өткен «Жеңіс шабыты» инклюзивті фестивалі.
Асық ату, корнхол және кульбуто ойындарын не байланыстырады? Бір қарағанда, бір-біріне ұқсамайтын бұл ойындардың ортақ тұсы – әр адамның қабілетін ашуға, өз күшіне сенуге және жеңіске ұмтылуға мүмкіндік беруінде. Мұны Қарағандыда 25-ші рет ұйымдастырылған «Жеңіс шабыты» фестивалінің қатысушылары жақсы біледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар азаматтарды бір алаңға жинаған бұл мерекелік шара биыл өңірдің түкпір-түкпірінен 900-ге жуық адамды біріктірді.
Бұл – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қалыптастыруға, әлеуметтік қолдауды нығайтуға және әр адамның әлеуетін бағалауға бағытталған маңызды бастама. Оның мәні – кімнің қандай мүмкіндігі барын салыстыруда емес, әр қатысушының өз қабілетін көрсетуіне жағдай жасауда.
Фестиваль алаңында 21 жастағы Максим де бар. Ол бүгін ерекше көңіл күйде. Өйткені командасына қосымша ұпай әкеліп, өз үлесін қосқысы келеді. Алдындағы тапсырма – құм салынған дорбашаны нысанаға дәл түсіру. Бұл – корнхол ойыны. Қарапайым көрінгенімен, ол адамның қимыл үйлесімділігін, зейінін, кеңістікті бағдарлау қабілетін дамытады.
Максимнің анасы Юлия Кригер ұлының фестивальге қатысуға ерекше ықыласпен дайындалғанын айтады.
«Әдеттегіден ерте оянды. Қатты толқып жүр. Маған сағатын көрсетіп: «Жолға шығу керек, анашым, такси шақыр, баруымыз керек!» – дейді. Ол сөйлей алмайды, бірақ өте ашық-жарқын, адамдармен араласқанды, түрлі шараларға қатысқанды ұнатады. Балалардың өз жарыстары өтіп, достасып, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуының өзі үлкен қуаныш. Сондықтан «Лучик надежды» ұйымы бізді жарысқа шақырғанда, бұл біз үшін өте маңызды оқиғаға айналады», – дейді Юлия Кригер.
Анасының осы сөздерінен фестивальдің шынайы маңызын аңғаруға болады. Кейде бала үшін жеңістің өлшемі медаль немесе кубок емес, көпшілік ортасында болу, жаңа достар табу, өзіне сенімді сезіну. Осындай мүмкіндіктердің берілуі ата-аналар үшін де үлкен демеу. Өйткені ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыға тек медициналық немесе материалдық көмек қана емес, әлеуметтік ортаға араласу, баласының қабілетін дамыту және оның қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі де аса қажет.
Қарағандыда ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Лучик надежды» қоғамдық қоры. Оның қызметі ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету ниетінен басталған. Қор жетекшісі Татьяна Кравченконың бастамасымен оңалту мен әлеуметтік көмекті шығармашылық, спорт және қоғамдық ортаға бейімдеу бағыттарымен ұштастыруға басымдық берілді. Жылдар өте бұл бастама ауқымды өңірлік фестивальге айналды.
«Жыл сайын қараша айы жақындағанда, балаларымыз осы фестивальді асыға күтеді. Өздері хабарласып: «Биыл фестиваль бола ма? Біз де қатысқымыз келеді», – деп сұрайды. Бұл біз үшін өте қымбат. Фестивальге түзету мектеп-интернаттарының, арнаулы әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері және үйде білім алатын балалар қатысады», – дейді «Лучик надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко.
Ұйым жетекшісінің айтуынша, балалардың жыл сайын фестивальді асыға күтуі – атқарылған жұмыстың ең үлкен нәтижелерінің бірі. Демек, мұндай кездесулер қатысушылар үшін күнделікті өмірдегі ерекше оқиға ғана емес, достық қарым-қатынас орнататын, ортақ қызығушылық қалыптастыратын, өз ортасын табуға көмектесетін маңызды әлеуметтік алаңға айналған.
Бұл ретте инклюзия ұғымының ауқымы да кең екенін ескерген жөн. Ол тек ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім беру ұйымдарына қабылдаумен шектелмейді. Инклюзия – адамның білім алуға, еңбек етуге, спортпен айналысуға, мәдени және қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтірмейтін жағдай қалыптастыру. Яғни, әр азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдіктерге тиісті инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттіліктерді ерте жастан анықтау жұмыстарын жүйелі жүргізу міндеті жүктелді.
«Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл тапсырманың мәні – әр баланың сапалы білім алып, қабілетіне қарай дамуына жағдай жасау. Ерекше қажеттіліктерді ерте анықтау, білікті мамандардың көмегіне қол жеткізу, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру – баланың болашағына салынған инвестиция. Ал бұл жұмыстардың нәтижелі болуы мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналардың бірлескен әрекетіне тікелей байланысты.
Қарағанды өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Қалада мүгедектігі бар 25 412 адам тұрады, оның 2 940-ы – балалар. Әлеуметтік қолдау, оңалту қызметтері және қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда.
Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша 10 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілген, 4 817 адам санаторий-курорттық ем қабылдаған. 1 300 адам жеке көмекші қызметін пайдаланса, 408 адам ымдау тілі маманының көмегіне жүгінген. Сонымен қатар инватакси қызметін 1 500-ден астам тұрғын пайдаланады. Олардың 842-сі – мүгедектігі бар балалар.
Қалада әлеуметтік бейімдеу мен қоғамға кіріктіруге бағытталған бес жоба жұмыс істейді. Олардың қатарында «Bizben Birge Bol» интеграциялық орталығы, «TenQogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Қамқорлық. Байланыс. Даму» әлеуметтік сүйемелдеу орталығы, мүгедектігі бар адамдарға баспалдақпен көтерілу және түсу кезінде көмек көрсету қызметі, сондай-ақ иппотерапия бар. Үш жасқа дейінгі даму ерекшеліктері бар балаларға арналған ерте қолдау қызметі аясында 312 бала кешенді түзету-дамыту және психологиялық-педагогикалық көмек алуда.
Бұлардың әрқайсысы – нақты өмірлік қажеттіліктен туындаған бастамалар. Бірі баланың дамуына көмектессе, екіншісі адамның күнделікті қозғалысын жеңілдетеді, үшіншісі қоғаммен байланысын нығайтады. Әлеуметтік қолдаудың тиімділігі де осындай қызметтердің адамның өмір сапасына тікелей әсер етуімен өлшенеді.
Білім беру саласында да инклюзивті ортаны кеңейтуге бағытталған шаралар жүргізілуде. 2026 жылы өңірдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қарағандыдағы №4 мектеп-интернатты 130 орындық №11 арнайы мектеп-интернат ретінде қайта ұйымдастыру, аутизмі бар балаларға арналған екі орталық ашу және «Уақыт мүмкіндіктері» ерте қолдау қызметінің аясын кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар педагог-ассистент мамандарын даярлауға да көңіл бөлінуде.
Мұндай жұмыстардың түпкі мақсаты – баланың тек білім алуына ғана емес, қоғамға бейімделуіне, өз қабілетін танытуына және дербес өмір сүру дағдыларын қалыптастыруына жағдай жасау. Ал мұның бәрі білікті педагогтер мен мамандардың, ата-аналардың және әлеуметтік ұйымдардың өзара ынтымақтастығын қажет етеді.
Инклюзивті бастамалардың тағы бір маңызды қыры – спорт арқылы әлеуметтендіру. «Жеңіс шабыты» фестивалі де осы бағыттағы жұмыстың жарқын көрінісі. Бұрын жарысқа қатысушылардың мүмкіндігіне қарай спорт түрлері таңдалса, бүгінде керісінше, спорттық бағыттар қатысушылардың ерекшелігі мен қабілетіне бейімделіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын фестиваль бағдарламасына корнхол енгізілсе, биыл кульбуто ойыны қосылған.
Кульбуто – зейін мен дәлдікті, сабыр мен қозғалыс үйлесімділігін талап ететін ойын. Қатысушы арнайы ағаш алаңшаны тепе-теңдікте ұстап, кішкентай шарларды тиісті ұяшықтарға түсіруге тырысады. Шахтинск қаласынан келген Никита Шестёра бұл ойынның өзінің дамуына оң әсер еткенін айтады.
«Бұл ойын жан-жақты дамуға көмектеседі. Әсіресе зейінді шоғырландыру қабілетін жақсы арттырады. Менде алғашқы нәтижелер бірден байқала бастады. Фестивальге сыныптастарыммен, мектебіммен бірге келдім. Біздің сыныпта Андрей жақсы ойнайды, мен де жаман емеспін», – дейді Никита.
Никитаның сөзі спорттың тәрбиелік әрі дамытушылық мүмкіндігін көрсетеді. Мұндай ойындар балалардың тек физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, өз күшіне сенуіне, тапсырманы соңына дейін орындауға, жетістікке жетуге деген ынтасын қалыптастырады. Ең маңыздысы – олар өз қатарластарымен бір ортада болып, ортақ қызығушылық арқылы достық байланыс орнатады.
Фестивальге қатысушыларды дайындау жұмыстары да тыңғылықты жүргізілген. Шахтинск қаласынан келген 22 баланың жаттығуы оқу жылы басталғаннан бері жалғасқан. Олардың бейімделген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Марс Замалиев мұндай шаралардың балалар үшін маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл – ең алдымен балалар үшін үлкен спорт мерекесі. Біз де осы күнді асыға күттік. 1 қыркүйектен бастап спорттың барлық түрі бойынша дайындалдық. Енді кімнің дайындығы мықты болса, сол жеңіске жетеді деп ойлаймын», – дейді Марс Замалиев.
Ұстаздың пікірінше, мұндай жарыстар балалардың тұрақты жаттығуға деген қызығушылығын арттырып, олардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады. Сонымен бірге педагогтер үшін де тәжірибе алмасудың, балалардың қабілетін жаңа қырынан танудың тиімді алаңы.
Фестиваль бағдарламасында ұлттық спорт түрлеріне де ерекше орын берілген. Асық ату мен бес асық ойындары мергендікке, дәлдікке, шапшаңдыққа және зейінді шоғырландыруға баулиды. Ұлттық ойындарды инклюзивті спорт бағдарламасына енгізу – дәстүр мен заманауи әлеуметтік тәжірибені сабақтастырудың да бір жолы.
Төрт күнге созылған мерейтойлық фестиваль спорттық сайыстармен ғана шектелмей, шығармашылықты, достықты және өзара қолдауды тоғыстырды. Оның спорттық бөлігінде 200-ден астам қатысушы кубоктар мен медальдар үшін бақ сынады. Ал жалпы шараға өңірдің әр түкпірінен 900-ге жуық адам жиналды. Бұл көрсеткіш осындай бастамаларға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Әрине, инклюзивті қоғамды қалыптастыру тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Бұл – азаматтық қоғам институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың, қайырымдылық қорларының, білім беру ұйымдарының, кәсіпкерлер мен әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Мемлекет әлеуметтік саясат пен инфрақұрылым арқылы қажетті жағдай жасаса, қоғамдық ұйымдар сол мүмкіндіктерді нақты адамдардың өмірімен байланыстырып, олардың қоғамға белсенді араласуына жол ашады.
Осы орайда «Лучик надежды» қоғамдық қоры жетекшісі Татьяна Кравченко Президенттің биылғы Жолдауында инклюзия мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Маған Президенттің биылғы Жолдауы өте ұнады. Онда инклюзияны дамытуға қатысты маңызды бағыттар белгіленген. Барлығы үшін тең мүмкіндік болуы керек. Инклюзия қоғамның барлық мүшесіне бірдей қолжетімді болуы тиіс», – дейді Татьяна Кравченко.
Бұл пікір инклюзияның негізгі қағидатын дәл жеткізеді. Тең мүмкіндік дегеніміз – барлығына бірдей талап қою емес, әр адамның қажеттілігі мен қабілетін ескере отырып, оның дамуына қажетті жағдай жасау. Біреу үшін бұл – сапалы білім мен арнайы педагогтің көмегі, екіншісі үшін – қолжетімді көлік, үшіншісі үшін – спорт алаңында өз мүмкіндігін көрсету, ал тағы бір азамат үшін – жұмысқа орналасып, қоғамға белсенді араласу мүмкіндігі.
Сондықтан «Жеңіс шабыты» секілді фестивальдердің маңызы жыл сайын арта түсуде. Олар адамдарды ортақ мақсатқа біріктіріп қана қоймай, қоғамдағы көзқарасты өзгертеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар азаматтарды тек көмек алушы ретінде емес, өз қабілеті, таланты, арманы мен жетістігі бар тұлға ретінде тануға үйретеді.
Инклюзивті қоғам – бір күнде қалыптаспайды. Ол мемлекеттік бағдарламалардан, әлеуметтік жобалардан, қолжетімді ғимараттардан басталып, әр адамның бойындағы түсіністік пен жанашырлық арқылы нығаяды. Ал «Жеңіс шабыты» фестивалі – осы үлкен жолдағы нақты істердің бірі.
Шын мәнінде, жеңіс тек мәреге бірінші болып жету немесе медаль иелену емес. Жеңіс – өз мүмкіндігіңе сену, жаңа белесті бағындыру, достар табу және қоғамның бір бөлшегі екеніңді сезіну. Ең бастысы, әр адамға осындай мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.
Өйткені инклюзивті қоғам – ешкім шет қалмайтын, әр адамның үні естіліп, қабілеті бағаланатын қоғам. Тең мүмкіндік бар жерде ғана шынайы жеңіс пен ортақ жетістік болады.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

