Инклюзивті білім берудің жаңа мүмкіндіктері
Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Қазіргі таңда өңірдегі мұндай балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық көмекпен қамтылған. Сондай-ақ бұрын үйде білім алған 360-тан астам бала мектепке оралған.
Бұл туралы инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты мәліметтерде айтылды. Өңірде балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында 130 орындық арнайы мектеп-интернат ашу жоспарланса, Теміртау қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы жұмысын бастайды. Бұл бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Бекзат Төреқұлованың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар енді республикалық деңгейде де жалғасын табады.
– Қазақстанның 20 өңірінде оңалту және сауықтыру кабинеттері қарастырылған жаңа форматтағы инклюзивті мектеп кешендерін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар санын арттыру ұсынылды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Бекзат Төреқұлова.
Қазіргі талап бойынша бір консультация 50 мың балаға есептелген. Жаңа ұсынысқа сәйкес, бұл көрсеткішті 40 мыңға дейін төмендету көзделіп отыр. Нәтижесінде балалар қажетті мамандардың көмегін уақытылы ала алады. Бұдан бөлек, 2030 жылға дейінгі инклюзивті білім беруді дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыруға бірнеше министрлік қатысады. Негізгі мақсат – баланың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтап, сапалы білім алуына кедергі келтіретін мәселелерді жою. Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 240 мың бала тіркелген. Оларды қолдау үшін педагог-ассистенттер даярлау жұмыстары да қолға алынған. Биыл алты колледжде осы мамандық бойынша білім беру басталды. Жаңа бастамалар инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіріп қана қоймай, әр баланың қабілетін ашуға, білім алу құқығын қамтамасыз етуге және қоғам өміріне толыққанды араласуына жол ашпақ.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ.
«QH»

