Электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылады

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс шағынауданында электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, №2043 трансформаторлық қосалқы станцияның ескірген жабдықтары ауыстырылып, орнына заманауи энергетикалық қондырғылар орнатылады.

Жоба аясында қолданыстағы кірпіш ғимарат пен электр тарату жабдықтары толықтай бөлшектеледі. Оның орнына болат корпустан жасалған заманауи блокты қосалқы станция орналастырылады. Жаңа нысан әрқайсысының қуаты 630 кВА болатын екі трансформатормен жабдықталады.

Жаңартылған энергетикалық торап Мұқанов көшесіндегі тұрғын үйлерді, Университет көшесіндегі қонақүй мен жанармай құю станциясын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар автокөлік жуу орны, дәмхана, техникалық қызмет көрсету станциясы және тігін цехы да осы қосалқы станцияға қосылады.

Жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты – электр жабдықтарының тозуына байланысты туындайтын ақаулар мен жарықтың үзілу қаупін азайту. Жаңа трансформаторлар шағынаудандағы тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандарын электр қуатымен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»