Өнерде шектеу жоқ

Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер арасында Abilympics өңірлік чемпионаты ұйымдастырылды. Кәсіби шеберлік сайысында үш колледждің 12 студенті флористика, былғарыдан бұйым жасау, киіз басу және қыш өнері бағыттары бойынша өзара бақ сынады.

Байқаудың басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік беру. Чемпионатты Қарағанды жоғары инженерлік колледжі ұйымдастырды.

Бүгінде аталған оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 87 студент білім алады. Олардың бір бөлігі жалпы топтарда, қалғаны инклюзивті топтарда оқиды. Студенттердің еркін қозғалып, білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратта көтергіш құрылғылар орнатылып, тактильді жолақтар төселген. Сонымен қатар арнайы санитарлық тораптар жабдықталған. Мұнда жастар сәндік-қолданбалы өнер мен дизайнның түрлі бағыттарын меңгеріп жүр.

Өңірлік чемпионатқа ұйымдастырушы оқу орнымен қатар Қарағанды жоғары политехникалық және индустриялық-технологиялық колледждерінің студенттері де қатысты. Қатысушылар «Флористика», «Былғарыдан бұйым жасау», «Киіз басу» және «Қыш өнері» бағыттарында өз шеберліктерін көрсетті. Сайыс аясында скрапбукинг пен киіз басу өнерінен шеберлік сабақтары да өткізілді.

Төрт бағыттың барлығында да Қарағанды жоғары инженерлік колледжінің студенттері үздік нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, былғарыдан бұйым жасау бойынша Күнжан Қүмісбек, киіз басудан Ақниет Исатаева, қыш өнерінен Артур Николаев, ал флористикадан Людмила Жуматаева жеңімпаз атанды.

Екінші курс студенті Ақниет Исатаева «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығында білім алады. Оның киіз басу өнеріне қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезінен басталған. Студенттің айтуынша, бұл байқау өз қабілетін көрсетуге жақсы мүмкіндік берген.

– Киізден түрлі бұйым жасағанды жақсы көремін. Әсіресе сылдырмақ жасаған ұнайды. Байқауда ыстық ыдыс қоюға арналған сәндік панно дайындадым. Алдымен жүнді әзірлеп, сулап, басып алдым. Кейін бетіне сурет түсірдім. Ол үшін бұрын көріп, есімде сақталып қалған «Күнбасты адам» бейнесіндегі петроглифті таңдадым, – дейді Ақниет Исатаева.

Қыш өнері бағытында жеңіске жеткен Артур Николаев та шығармашылыққа ерекше қызығушылық танытады. Ол сазбалшықтан шағын кесе мен пиала жасағанды ұнатады. Жас шебердің айтуынша, бұйым әзірлеу барысында дайын үлгіні қайталағаннан гөрі, қиялына ерік бергенді жөн көреді.

– Жұмыс барысында шабыттанып, әр бұйымға жаңа өрнек ойлап табамын. Бұл жолы шағын мүсін жасау тапсырылды. Алдымен ұзын құйрық жасап қойдым. Кейін оның қолтырауын бейнесіне айналатынын түсіндім, – деп бөлісті студент.

Айта кетейік, Abilympics халықаралық қозғалысы 1971 жылы Жапонияда бастау алған. Бүгінде ол көптеген елде дамып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдардың кәсіби мүмкіндіктерін танытуға бағытталған. Қазақстанда ұлттық чемпионаттар 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.

Мұндай бастамалар жастардың бойындағы қабілетті ашып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашады. Чемпионат қатысушыларының жетістігі өнер мен еңбекте шектеу болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»