Өнеркәсіптің өзегі – еңбек пен жаңғыру

Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда Теміртау қаласының орны ерекше. Металлургтер қаласы саналатын бұл өңірде өндіріс орындарын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік қызметімен танысты.

Президент кәсіпорынның болат балқыту өндірісіндегі негізгі буын саналатын конвертер цехын аралады. Мұнда Мемлекет басшысына домна пешінде балқытылған шойынды болатқа айналдыру үдерісі көрсетілді. Сондай-ақ дайын өнімнің үздіксіз құю қондырғысына, одан әрі илемдеу цехына жіберілу кезеңдері таныстырылды.

Qarmet кәсіпорнында өндірістік қуатты арттыру мен жабдықтардың сенімділігін күшейтуге бағытталған жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жасалып, олардың корпустары толығымен ауыстырылған. Заманауи конструкциялардың орнатылуы өндіріс тиімділігін арттырып, болаттың жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жұмыстары жалғасуда. Бұл өндірістік үдерістерді жетілдірумен қатар, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

Кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері мен инвестициялық бағдарламалары туралы Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев баяндады. Оның мәліметінше, 2026 жылдың қорытындысы бойынша компания 4 млн тонна болат, 3,6 млн тонна көмір және 3,9 млн тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр.

Компания жұмысын бастағаннан бері өндірісті дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 2,7 млрд доллардан асқан. Қаражат қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысандар салуға жұмсалуда.

Президенттің жұмыс сапары барысында комбинаттың өзге де өндірістік жобаларына назар аударылды. Атап айтқанда, жаңа сортты прокат кешенінің құрылысы таныстырылды. Жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға есептелген бұл кешен жоғары беріктікті арматура, бұрыштар, швеллерлер және басқа да металл өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар №8 және №9 кокс батареяларын салу жобасы жүзеге асырылуда. Мұндай жаңғырту бастамалары кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Qarmet ұжымымен және кәсіподақ өкілдерімен кездесуде өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен еңбек адамдарының еңбегіне тоқталды. Президент өндіріс орындарына озық технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу, еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмыс жағдайын жақсарту мәселелерінің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігіне назар аударды. Qarmet компаниясының қолдауымен Теміртауда трамвай қозғалысы толық қалпына келтірілді. Қаладағы қоғамдық көлік жүйесінің жаңартылуы тұрғындар үшін маңызды инфрақұрылымдық өзгерістердің бірі болды. Бұдан бөлек, кәсіпорын жас мамандарды оқыту мен жұмыспен қамтуға бағытталған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алған. Жобаның алғашқы кезеңінде еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық адамды қамту жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік және индустриялық дамуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл бастама еңбек адамдарының кәсібилігі мен ел экономикасына қосқан үлесін бағалауға бағытталған.

Айта кетейік, Qarmet – Қазақстандағы толық өндірістік циклге ие ірі тау-кен металлургиялық компаниясы. Кәсіпорынның өз көмір және темір рудасы кеніштері, сондай-ақ энергетикалық базасы бар. Бүгінде компанияда шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Оның 14 мыңнан астамы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта жұмыс істейді.

Жалпы, Мемлекет басшысының өңірге сапары Теміртаудағы өндірістік жаңғыру, инвестициялық жобалар және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін қамтыды. Комбинаттағы жаңа технологиялар мен өндірістік қуатты кеңейтуге бағытталған бастамалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Ал кәсіпорынның әлеуметтік жобалары өндіріс пен қала өмірінің өзара байланысын нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»