Әскери журналистер – ел тынысын жеткізушілер
7 қараша – әскери журналистердің кәсіби мерекесі. Бұл айтулы күннің тарихы 1929 жылғы 7 қарашада «Қызыл әскер» республикалық әскери газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген кезеңнен бастау алады. Содан бері әскери журналистика саласы қалыптасып, уақыт талабына сай дамып, ел өміріндегі маңызды бағыттардың біріне айналды.
Әскери журналистика – тек жаңалық тарату емес, бұл – Отан қорғаушылардың күнделікті тыныс-тіршілігін, әскери қызметтің ерекшелігін, жауынгерлік дайындық пен ел қауіпсіздігі жолындағы еңбекті көпшілікке таныстыру. Әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халыққа шынайы әрі жедел ақпарат жеткізу – осы сала мамандарының басты міндеті. Бүгінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектерінің, жоғары оқу орындары мен гарнизондардың баспасөз қызметтерінде еңбек ететін әскери журналистер мен мамандар осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Олардың күнделікті еңбегінің нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің ресми сайты мен Telegram, Instagram, YouTube және TikTok әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында еліміздің әскери өміріндегі жаңалықтар мен маңызды оқиғалар жедел жарияланып отырады. Ал әскери өмірдің мазмұны терең, тағылымы мол сәттері «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы секілді ведомстволық басылымдарда кеңінен көрініс табады. Мақалалар, репортаждар мен сұхбаттар арқылы оқырман қауым әскери қызметтің қыр-сырын, сарбаздардың күнделікті өмірін, әскери бөлімдердегі оқу-жаттығулар мен жауынгерлік дайындық барысын жақынырақ таниды. Әскери журналистердің назары ресми, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардан бастап, әскери қызметшілердің түрлі жарыстардағы, фестивальдер мен байқаулардағы жетістіктеріне дейінгі сан алуан тақырыпты қамтиды. Әрбір ақпараттың артында ізденіс, жауапкершілік, кәсіби шеберлік пен жеделдік жатыр. Өйткені әскери тақырыпта қалам тербеу – нақты дерекке сүйенуді, саланың ерекшелігін терең түсінуді және ақпаратты сауатты жеткізуді талап етеді.
Қарағанды гарнизоны үшін де әскери журналистиканың маңызы зор. Әсіресе, Спасск оқу-жаттығу полигонында республикалық және мемлекеттік деңгейдегі жарыстар мен ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай маңызды оқиғалардың барысын көпшілікке жеткізіп, олардың мән-маңызын ақпарат кеңістігінде насихаттау – әскери журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ортақ еңбегі. Әрбір жарияланған жаңалық, түсірілген бейнесюжет пен дайындалған репортаж арқылы әскери өмірдің шынайы келбеті танылады. Бұл – бір жағынан, қоғамның Қарулы күштерге деген ақпараттық қолжетімділігін арттырса, екінші жағынан, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда әскери журналистердің кәсіби мерекесі – ақпарат майданында адал еңбек етіп жүрген барша маманның еңбегін бағалайтын ерекше күн.
«Қарағанды хабары» газетінің ұжымы әскери журналистерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтайды! Қаламдарыңыз қарымды, шығармашылық ізденістеріңіз жемісті болсын! Ел тынысын елге жеткізудегі еңбектеріңіз еленіп, әрбір жарияланымдарыңыз оқырман жүрегінен орын алсын. Отан алдындағы жауапты қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз!
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»
