Жасыл қала – таза болашақ кепілі

Қарағандыда көгалдандыру, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қалада жаңа экопарк құру, ағаш отырғызу және қоршаған ортаның тазалығын сақтау шараларына басымдық беріліп отыр.

«Көгілдір тоғандар» шағынауданы мен Оңтүстік-Шығыс арасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда алма ағаштарын отырғызу жоспарланған. Жалпы, биыл қалада 25 мыңнан астам ағаш егу көзделген. Бұл бастамалар жасыл желек көлемін ұлғайтып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Өңірдегі экологиялық жұмыстар тек көгалдандырумен шектелмейді. Өткен жылы облыста 600-ге жуық заңсыз қоқыс орны жойылып, полигондарға 135 мың тонна қалдық шығарылған. Сонымен қатар жүзден астам су айдынының жағалауы тазартылды.

Ендігі міндет – жиналған қоқысты полигондарға тасымалдаумен шектелмей, оны сұрыптап, қайта өңдеуге жіберу. Қалдықтарды айналымға қайтару қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, экологиялық бастамалардың ауқымы кеңейіп, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге көңіл бөлініп келеді.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына биыл жеті миллионнан астам адам қатысқан. Елді мекендерде жеті миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қорында бір миллиардтан астам тұқым себіліп, көшеттер отырғызылған. Бұдан бөлек, ірі қалаларда қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кешендер салынуда. Болашақта мұндай нысандар қалдық көлемін азайтуға және қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтардан электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Экологиялық бастамалардың нәтижелі болуы тек арнайы жобаларға емес, тұрғындардың күнделікті жауапкершілігіне де байланысты. Қоқысты сұрыптау, қоғамдық орындарды таза ұстау және жасыл желекті күту – қоршаған ортаны қорғауға қосылған ортақ үлес.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»