Салауатты мектеп – дені сау ұрпақ кепілі

Балалар арасындағы артық салмақтың алдын алу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және дене белсенділігін арттыру мәселелері Астанада өткен «Саламатты мектеп» атты алғашқы республикалық форумда талқыланды.

Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, әрбір төртінші баладан артық салмақ анықталған. Мамандардың айтуынша, балалық шақтағы артық салмақ ересек өмірде екінші типті қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан балалардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларын ерте жастан қолға алу маңызды.

«Саламатты мектеп» жобасы аясында білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасына, дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасауға және аурулардың алдын алуға басымдық беріледі. Сонымен қатар мектеп, отбасы және денсаулық сақтау жүйесі арасындағы байланысты нығайту көзделген. Бұл бағыттағы ортақ жұмыс балалардың денсаулығын нығайтып, пайдалы әдеттерді күнделікті өміріне енгізуге көмектеседі.

Форумда балалардың артық салмағы мәселесіне жауапкершілікпен қараудың маңызы да атап өтілді. Алдын алу шаралары баланы кемсітуге, сыртқы келбеті үшін сынауға немесе оған таңба басуға айналмауы керек. Керісінше, балаларды дұрыс тамақтануға, қозғалысқа және өз денсаулығына қамқорлық жасауға ынталандыратын орта қалыптастыру қажет.

Мамандардың пікірінше, салауатты өмір салты тек мектептің міндеті емес. Бұл – ата-ана, педагогтер және медицина қызметкерлері бірлесе атқаратын жұмыс. Баланың денсаулығын нығайту үшін оған ақыл айтумен шектелмей, пайдалы тағамға, спортқа және белсенді демалысқа қолжетімді жағдай жасау маңызды.