Кеншілер қауіпсіздігіне арналған жоба жеңіске жетті

Қаламыздағы «Дарын» мектебінің оқушылары Үндістанда өткен Technovation Girls халықаралық байқауында бас жүлдені иеленді. Asian Sharks командасы шахталардағы қауіпсіздікті бақылауға арналған SAMRUQ.AI жобасын ұсынып, халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.

Бенгалуру қаласында ұйымдастырылған байқаудың жоғары жас санатындағы финалына қазақстандық команда алғаш рет қатысып, жеңімпаз атанды. Қарағандылық оқушылар АҚШ, Канада, Аргентина, Венгрия, Испания, Жапония және басқа да елдердің командаларымен бәсекеге түсіп, Азия елдері арасында үздік нәтиже көрсетті.

SAMRUQ.AI – кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған интеллектуалды жүйе. Оқушылар датчиктерді, сымсыз байланысты, цифрлық платформаны және жасанды интеллектіні біріктіріп, шахтадағы ықтимал қауіптерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін технология әзірлеген.

Жүйе шахта ішіндегі микроклиматты бақылап, түтін мен дірілге қатысты мәліметтерді жинайды. Жиналған ақпаратты талдау арқылы ықтимал қауіптерді бағалап, тиісті ескертулерді диспетчерге жібереді. Бұдан бөлек, технология шахтаға кірген және одан шыққан жұмысшылардың санын автоматты түрде есептейді. Бұл төтенше жағдай кезінде жер астында қалған кеншілердің санын жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Жобаны халықаралық байқауға дайындау кезінде команда 350-ден астам сынақ жүргізіп, датчиктердің жұмысын тексеріп, оларды калибрлеу жұмыстарын атқарған. Сонымен қатар жүйенің прототипі Қарағандыдағы оқу шахталарында екі рет сынақтан өткізілген.

Оқушылардың бұл жобаны таңдауы да бекер емес. Өнеркәсіптік өңірде тұратын жас өнертапқыштар кеншілердің қауіпсіздігі мәселесіне заманауи технологиялар арқылы шешім ұсынуды мақсат еткен. Олардың бастамасы ғылым мен инженерияны өндірістегі нақты міндеттерді шешуге пайдаланудың үлгісіне айналды.

Бұл – команданың алғашқы жетістігі емес. Биыл тамыз айында SAMRUQ.AI жобасы Астанада өткен Samsung Solve for Tomorrow байқауында үшінші орын алып, команда бір миллион теңге көлемінде сыйақы иеленген.

Қарағанды облысының білім басқармасы оқушылардың жеңісін олардың ғылым, ақпараттық технологиялар және инженерия бағыттарындағы әлеуетін танытатын маңызды жетістік ретінде бағалады. Қарағандылық жас өнертапқыштардың табысы өңір оқушыларының технологиялық жаңалықтар жасауға және халықаралық жобаларға үлес қосуға қабілетті екенін көрсетті.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»