Қайсар рухтың шежіресі: Кәріпбек Күйіковтың өмірі мен өнері туралы кітап таныстырылды
Қарағандыда белгілі суретші, қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтың «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған кездесуге өңір зиялылары, ғалымдар, кітапхана қызметкерлері мен жастар қатысты. Тағдырдың талай сынағына мойымай, өнері арқылы әлемге танылған тұлғаның өмір жолы туралы сыр шертетін еңбектер оқырманға қайсарлықтың, табандылықтың және бейбітшілікке адалдықтың мәнін ұғындырады.
Кәріпбек Күйіков қолсыз дүниеге келсе де, қылқаламды ауызымен және аяқ саусақтарымен ұстап, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретші. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі ядролық сынақтардың зардабын әлемге танытуға, бейбітшілік идеясын насихаттауға бағытталған. Суретшінің өмір жолы – адамның мүмкіндігін сыртқы жағдайы емес, ішкі жігері мен табандылығы айқындайтынын көрсететін өнеге.
Кездесу Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлесуімен өтті. Шара аясында суретшінің туындылары, өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи жәдігерлер, кітаптар және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар қойылған көрме де ұйымдастырылды.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей кітаптардың тарихи әрі тәрбиелік маңызына тоқталып, Кәріпбек Күйіковтың естеліктері арқылы Семей ядролық полигонының зардаптарын адам тағдыры тұрғысынан тереңірек түсінуге болатынын атап өтті.
– Ядролық сынақтар туралы айтқанда, көбіне әскери қуат пен ғылыми жетістіктер еске түседі. Ал олардың артында адамдардың тағдыры, денсаулығына тиген зиян, бұзылған өмірлер мен кейінгі ұрпаққа жеткен зардаптар тұрғанын ұмытпауымыз керек. Кәріпбек Күйіковтың кітабы осыны тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді. Мұндай естеліктер Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолын таңдауының мәнін саналы түрде түсінуге көмектеседі, – деді Әлібек Әлденей.
«Қайсар рух» кітабы суретшінің балалық шағынан бастап, азамат және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына дейінгі өмір жолын қамтиды. Автор ата-анасы, өмірінде кездескен жандар, өнерге келуі және түрлі қиындықтарды еңсеруі туралы әңгімелейді. Ал «Жизнь без рук» еңбегінде де өмірлік тәжірибе, тағдыр сынақтары және адамның өзіне деген сенімін жоғалтпауы тақырыптары кеңінен қозғалады.
Кітаптарды жазу жұмысы бірер аймен шектелмеген. Кәріпбек Күйіков өз естеліктерін қағазға түсіруді шамамен 35 жыл бұрын бастағанымен, қолжазбаны аяқтауға мүмкіндік болмаған. Биыл SOZ баспасының әдеби бюросының бастамасынан кейін бұл ойын қайта қолға алып, өміріндегі оқиғаларды әңгімелеуге кіріскен. Редактор оның естеліктерін жүйелеп, біртұтас мәтінге айналдырған. Кітап SOZ бастамасымен және демеушілердің қолдауымен жарық көрді.
Суретші еңбектің дүниеге келуіне қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдіріп, кітапты тек өзінің өмірбаяны емес, өмір жолында бағыт-бағдар берген адамдарға арналған туынды ретінде сипаттады.
– Бұл кітап тек менің өмірім туралы емес. Ол өмір жолымда бағыт-бағдар беріп, қиындықтарды еңсеруге көмектескен барша адам туралы. Мен бала кезімнен қайсар әрі тынымсыз болдым, бір орында отыра алмайтынмын. Жүзуді, велосипед тебуді, шаңғы мен коньки тебуді үйрендім. Кейде маған белгілі бір нәрселерге тыйым салатын, бірақ мен бәрібір байқап көруге тырысатынмын. Мен тағдырыма ешқашан шағымданған емеспін. Адамды мықты ететін – оның сыртқы жағдайы емес, ішкі рухы. Осы кітап арқылы адамдарға шабыт беріп, өз күшіне деген сенімін нығайтқым келеді, – дейді Кәріпбек Күйіков.
Автор кітапты ата-анасының рухына арнаған. Тұсаукесер барысында ол өмірінің әр кезеңінен естеліктер айтып, қиындыққа толы сәттермен қатар, көңілді оқиғаларды да еске алды. Кездесуге келгендер суретшімен жүздесіп, оның шығармашылығы мен өмірлік ұстанымы туралы сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Кітаптың жарық көруіне қарағандылық журналист Владимир Иванович Литвиновтың да ықпалы болған. Кәріпбек Күйіков оның кітаптарына иллюстрация салып жүрген кезде журналист суретшіге өз өмірі туралы естеліктерін жазуға кеңес берген. Осылайша жылдар бойы аяқталмай келген ой қайта жаңғырып, оқырманға жол тартқан.
Туындының кеңінен танылуына әнші Димаш Құдайбергеннің де үлесі бар. Ол республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Кәріпбек Күйіковтың өмір жолы туралы айтып, суретшіні нағыз суперқаһарманға теңеген. Кітаптың тұсаукесері Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында да өткен. Автордың айтуынша, Димаштың әлеуметтік желідегі жарияланымынан кейін кітапқа қазақстандықтармен қатар, шетелдік оқырмандар да қызығушылық таныта бастаған.
– Бұл жай ғана өмірбаян емес. Бұл – дүниеге қолсыз келсе де, осы жағдайдың өз өмірінің шекарасын белгілеуіне жол бермеген адамның тарихы. Ол үлкен суретшіге, жазушыға айналды. Оның шығармашылығы кейде кез келген сөзден де әсерлі сөйлейді, – деген еді Димаш Құдайберген.
Кәріпбек Күйіковтың еңбектерінде жеке адамның тағдыры мен ел тарихы өзара сабақтасып жатыр. Семей ядролық полигонының зардаптары туралы естеліктер оқырманға ядролық сынақтардың адам өміріне тигізген әсерін ұғынуға көмектессе, суретшінің өз өмірі қиындыққа мойымаудың маңызын көрсетеді. Оның шығармашылығы – бейбітшілік пен адамгершілікті дәріптейтін азаматтық үн.
Тұсаукесер аясындағы көрме де осы мақсатты толықтыра түсті. Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған материалдар арқылы келушілер суретшінің өнерімен, өмір жолымен және қоғамдық қызметімен танысты.
Кітапхана қызметкері Мақпал Жанатқызының айтуынша, мұндай көрмелер мен кездесулер оқырманға танымал тұлғалардың шығармашылық мұрасын тереңірек танып, олардың қоғамға сіңірген еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.
«Қайсар рух» кітабы қазақ және орыс тілдерінде 300 данадан басылып шыққан. Әзірге таралымы шағын болғанымен, туындыға деген қызығушылықтың артуы оның болашақта қайта басылуына негіз болуы мүмкін.
Кәріпбек Күйіковтың кітаптары – бір адамның өмірбаянынан әлдеқайда кең мағынаға ие еңбек. Олар оқырманды өмірді бағалауға, өз күшіне сенуге, қиындық алдында жігерін жоғалтпауға және бейбітшіліктің қадірін түсінуге үндейді. Суретшінің қайсарлығы мен азаматтық ұстанымы кейінгі ұрпаққа рухани бағдар болары сөзсіз.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

