Кескіндеме әлеміндегі сан алуан бояу мен бағыт

Қылқалам шеберлерінің шығармашылығын тоғыстырған «Кескіндеменің сиқырлы қырлары» көрмесі өнерсүйер қауымға заманауи бейнелеу өнерінің сан алуан бағытын таныстырады. Экспозицияға қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындылары қойылып, көрерменге әртүрлі стильдер мен көркемдік ізденістерді тамашалауға мүмкіндік берілген.

Көрмеге Алматыдағы «Яблоневая Палитра» шығармашылық бірлестігінің 27 кәсіби суретшісінің жұмыстары ұсынылды. Сонымен қатар экспозицияға Латвиядан келген қылқалам шеберлерінің де туындылары енген. Көрменің ерекшелігі – белгілі бір тақырыппен шектелмей, кескіндемедегі түрлі бағыттар мен көркемдік тәсілдерді бір кеңістікте көрсетуінде.

«Яблоневая Палитра» суретшілер тобының негізін қалаушы әрі жетекшісі, көрме авторы Лидия Дроздованың айтуынша, бұл экспозиция бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан шығармашылық ынтымақтастықтың нәтижесі.

– Бұл көрме бізде дәстүрлі шараға айналды. Музеймен бірнеше жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Оның ерекшелігі – нақты бір тақырыппен шектелмейтінінде. Біздің негізгі мақсатымыз – заманауи кескіндемені өнердің басқа түрлерімен және стильдерімен ұштастыра көрсету. Қазір суретшілер әртүрлі материалдар мен техникаларды үйлестіріп, шығармашылық тәжірибелер жасап жүр. Сондықтан әр автордың өзіндік идеясы мен көзқарасын ортаға салуына мүмкіндік беруді жөн көрдік, – дейді Лидия Дроздова.

Экспозициядан классикалық кескіндеме, акварель, графика, абстракция және аралас техникаларда орындалған жұмыстарды көруге болады. Әр туынды автордың өзіндік қолтаңбасын, шығармашылық ізденісін және өнерге деген көзқарасын танытады. Бір картиналар көрерменді бояулар үйлесімімен баураса, енді бірі пішіндер мен бейнелер арқылы ой салуға жетелейді.

Музейдің ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлжан Заитова көрменің мазмұны мен көркемдік алуандығына тоқталды.

– Экспозицияда әртүрлі бағытта орындалған туындылар жинақталған. Көрермен классикалық кескіндемеден бастап, заманауи көркемдік ізденістерге дейінгі жұмыстармен таныса алады. Мұндай көрмелер өнерге қызығушылықты арттырып, суретшілердің шығармашылығын кеңінен танытуға мүмкіндік береді, – дейді Гүлжан Заитова.

Көрмеге келушілер де туындылардың әртүрлілігі мен суретшілердің өзіндік мәнерін ерекше атап өтті. Суретші Надежда Зоринаның пікірінше, заманауи бағыттар дамығанымен, классикалық өнердің құндылығы әрдайым сақталады.

– Меніңше, классика мәңгілік. Жаңашылдықтар болғанымен, суретшінің өзіндік қолтаңбасын ештеңе алмастыра алмайды. Бұл көрмеде дәстүрлі материалдармен орындалған жұмыстардың көптігі қуантады. Әр автордың даралығы айқын байқалады. Сонымен қатар мұнда менің он бес жасымнан бері бірге оқыған курстасым Камила Лаптева-Төрешованың екі картинасы да қойылған. Оларды көру мен үшін ерекше әсерлі болды, – дейді Надежда Зорина.

Көрме көрерменге кескіндеменің түрлі қырын танытып қана қоймай, өнердегі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысын бағамдауға мүмкіндік береді. Әртүрлі елдерден келген суретшілердің туындылары бір кеңістікте тоғысып, бейнелеу өнерінің шекарасы кең екенін көрсетеді.

Экспозиция қазан айының соңына дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені тамашалап, қылқалам шеберлерінің шығармашылық әлемімен таныса алады.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»