Инженерлік білімге халықаралық қызығушылық артып келеді
Saginov Technical University-де шетелдік студенттер саны артып, білім алушылардың географиясы кеңейіп келеді. 2026-2027 оқу жылында университетте 16 мемлекеттен келген 272 студент негізгі білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатыр. Бұл – Қазақстандағы инженерлік-техникалық білімге шетелдік жастардың қызығушылығының бір көрінісі.
Университетте білім алып жүрген шетелдік студенттердің арасында Ресей азаматтары басым – 83 адам. Түрікменстаннан 56, Өзбекстаннан 51, Ауғанстаннан 17 студент келген. Сондай-ақ Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь жастары да осы оқу орнында білім алуда.
Биыл университетке шетелден 172 азамат қабылданды. Оның 142-сі бірінші курсқа түссе, 30-ы жаңадан ашылған дайындық бөлімінде оқып жатыр. Дайындық бағдарламасы шетелдік талапкерлердің, соның ішінде қандастардың, жоғары оқу орнына түсуге қажетті білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Шетелдік жастар үшін білім алудың тағы бір жолы – мемлекеттік стипендиялық бағдарлама. Осы бағдарлама аясында биыл университетке 10 шетел азаматы қабылданды. Оның сегізі бакалавриатта, екеуі магистратурада білім алады. Стипендия иегерлері Палестина, Ресей, Өзбекстан, Индонезия және Бангладештен келген. Биыл Индонезия мен Бангладеш азаматтары аталған бағдарлама арқылы университетке алғаш рет оқуға түсті.
Шетелдік талапкерлерді тарту мақсатында оқу орны халықаралық кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Study in Kazakhstan бастамасы аясында университет өкілдері соңғы оқу жылында Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанда кездесулер өткізіп, жастарға Қазақстандағы жоғары білім беру мүмкіндіктері мен инженерлік-техникалық мамандықтар туралы ақпарат берген.
Сонымен қатар университет халықаралық білім беру алаңдары мен цифрлық коммуникация құралдарын пайдаланып, шетелдік талапкерлерге арналған ақпараттық жұмысты дамытып келеді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік, академиялық ұтқырлық және халықаралық алмасу бағдарламалары студенттер мен оқытушыларға тәжірибе жинақтап, кәсіби байланыстарын кеңейтуге жол ашады.
Шетелден келген жастардың жаңа ортаға бейімделуіне де көңіл бөлінеді. 7 қазанда университетте International Students Welcome Day атты таныстыру іс-шарасы өтті. Оған шетелдік студенттер, университет басшылығы, факультет декандары мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында студенттерге оқу үдерісі, халықаралық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, цифрлық сервистер және студенттік өмір туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ Қазақстанда болу тәртібі мен көші-қон талаптары түсіндірілді.
Шараға Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Дидар Ибрагимович Алхамин қатысып, шетелдік білім алушыларға тіркеу рәсімдері, көші-қон талаптары және жеке қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат ұсынды.
Бұған қоса, жаңадан келген студенттерге SafeTravel.kz жобасы аясында бастапқы пакетінде 1 ГБ интернеті бар тегін SIM-карталар табысталды. Бұл жастардың жақындарымен байланыс орнатып, қажетті онлайн қызметтерді пайдалануына көмектеседі. Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Әртүрлі елден келген жастардың бір ортада білім алуы олардың мәдениетаралық байланысын нығайтып, дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Ал ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау шетелдік студенттердің жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетеді.
Шетелдік білім алушылар қатарының көбеюі университеттің халықаралық байланыстарын дамытуға және Қазақстанның инженерлік-техникалық білім беру мүмкіндіктерін шетелде танытуға жол ашады. Оқу орны шетелдік талапкерлерді тарту, академиялық ынтымақтастықты кеңейту және студенттерге қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
Saginov Technical University баспасөз қызметінің ақпараты негізінде

