Дәрігерге кезек: мәселе қашан шешіледі?

Дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі қазақстандықтардың күн тәртібінен түспей отыр. Кей емханаларда қажетті маманға бірнеше апта бұрын жазылуға тура келеді. Әсіресе тар бейінді дәрігерлерге кезек күту қиындау. Бұл жағдай медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселені қайта көтеріп отыр.

Қарағанды тұрғындарының айтуынша, мемлекеттік емханаларда кей мамандарға жазылу үшін екі-үш апта күтуге тура келеді. Бірқатар азаматтар уақытты үнемдеу үшін жеке клиникаларға жүгінетінін айтса, енді бірі мемлекеттік емханада кезек күтуге мәжбүр.

«Көзге көріну керек болса, алдымен терапевтке баруың керек. Терапевтен жазылып, содан кейін тағы біраз уақыт күтесің. Мұның бәрі ұзаққа созылады. Сондықтан өзіме қандай да бір маман қажет болса, жеке клиникаға барғанды жөн көремін», – дейді қала тұрғыны.

Тағы бір тұрғын маман қабылдауына жазылу кейде екі-үш аптаға созылатынын атап өтті. Дегенмен, оның сөзінше, соңғы уақытта жағдай біршама реттеле бастаған.

«Жұмыс күндері маманға жазылу үшін екі, тіпті үш апта кетеді. Қазір біраз дұрысталғандай. Бірақ жазылу мүмкіндігі барлық күні бірдей бола бермейді», – дейді қарағандылық тұрғын.

Ал кей азаматтар мұны халық саны мен дәрігерлер санының арақатынасымен байланыстырады.

«Аса үлкен мәселе көріп тұрған жоқпын, кейде күтуге тура келеді. Біз көппіз, ал дәрігерлер аз», – деген пікір білдірді тұрғындардың бірі.

Мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің де назарында. Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова емханалардағы медициналық көмектің қолжетімділігін тұрақты бақылауды тапсырды. Атап айтқанда, медициналық ұйымдардағы қабылдауға жазылу мүмкіндігі әр екі апта сайын мониторинг арқылы тексерілмек.

Министрдің айтуынша, емханада қабылдау кестесі болғанымен, пациенттің нақты маманға жазыла алмауы – медициналық қызметтің қолжетімділігіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.

«Егер адам емханаға кіре алмаса, қандай биік мақсаттар туралы айтуға болады? Жергілікті жерде тар бейінді маманға немесе жалпы практика дәрігеріне қабылдауға жазылу мүмкіндігін ашу үшін, бәлкім, керемет ұйымдастырушылық қабілеттің де керегі жоқ шығар», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қазір елімізде бірқатар медициналық мамандық бойынша кадр тапшылығы байқалады. Анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург, педиатр, радиолог, кардиолог және неонатолог мамандарына сұраныс жоғары. Сонымен қатар невропатолог, ревматолог, эндокринолог секілді тар бейінді дәрігерлердің қабылдауына жазылу да қиын.

Медицина ғылымдарының докторы, клиниканың бас терапевті Вилен Молотов-Лучанский дәрігер тапшылығының бірнеше себебі бар екенін айтады. Оның пікірінше, мамандардың басқа өңірлерге кетуі, кадрлардың тұрақсыздығы және жас мамандардың отбасылық жағдайына байланысты еңбек орнын өзгертуі де әсер етеді.

«Мамандарға бір ай бұрын жазылып қойған жағдайлар бар. Дәрігерлердің тапшылығы кадрлардың әртүрлі себеппен басқа өңірлерге ауысуына байланысты да жойылмай отыр. Мұндай факторлардың барлығы маман жетіспеушілігіне әсер етеді», – дейді Вилен Молотов-Лучанский, медицина ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері.

Мамандардың пікірінше, мәселені тек мониторинг жүргізу арқылы шешу жеткіліксіз. Балалар неврологы, қоғам қайраткері Қайырғали Конеев алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін алға тартады. Оның айтуынша, жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы тар бейінді мамандарға түсетін жүктемені азайтуға болады.

«Жалпы практика дәрігерлеріне халыққа қызмет көрсетуге кең мүмкіндік берілсе, алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамту деңгейі артар еді. Бүгінде олардың жеңіл және орташа ауырлықтағы көптеген ауруларды емдеуге құзыреті жетеді. Ал ауыр жағдайдағы пациенттерді ғана тар бейінді мамандарға бағыттауға болады», – дейді балалар неврологы, қоғам қайраткері Қайырғали Конеев.

Дәрігерге жазылудың қиындығы бір ғана кезек мәселесі емес. Оның артында медициналық кадрлардың жеткіліктілігі, емхана жұмысын ұйымдастыру және пациенттерді мамандар арасында дұрыс бөлу секілді бірнеше фактор тұр. Сондықтан қолға алынған тұрақты мониторинг нақты өзгерістерге ұласып, тұрғындардың дәрігер көмегіне уақытылы қол жеткізуіне мүмкіндік берсе, бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірін шешуге жол ашпақ.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»