Жүргізушілерді медициналық тексеру тәртібі нақтыланады
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға және көлік басқаруға медициналық рұқсат беруге қатысты талаптарды жетілдіру жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық тексеру қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін құжат әзірледі.
Жаңа тәртіп бойынша медициналық комиссия қорытындыларын бірыңғай автоматтандырылған деректер базасына енгізу жоспарлануда. Бұл мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетіп, жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуі туралы мәліметтерді цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтардың қайта медициналық тексеруден өту мерзімі нақтыланбақ. Олар медициналық тексеруден екі жылда бір рет өтуі тиіс. Бұл талап «Жол жүрісі туралы» заңда бұған дейін де қарастырылған.
Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – жүргізушілердің медициналық жағдайы туралы мәліметтерді цифрлық есепте уақытылы жаңартып, көлік басқаруға медициналық рұқсаттың өзектілігін қамтамасыз ету.
Министрлік әзірлеген құжат қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат бойынша ұсыныстар мен пікірлерді қабылдау 19 қазанға дейін жалғасады.

