Тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда
Қарағандының Үлкен Михайловка ауданындағы бес көпқабатты үйдің тұрғындары үшін жылу мәселесі шешілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа модульдік қазандық орнатылып, іске қосылды. Нысан 300-ге жуық пәтерді тұрақты жылумен қамтамасыз етеді.
Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бұған дейін үйлерге қызмет көрсеткен ескі қазандықтың техникалық жағдайы төмен болған. Қазандықтағы ақаулар жиі қайталанып, жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат қажет болған. Сонымен қатар оны күтіп ұстау және көмір сатып алу шығындарын тұрғындардың өздері көтеріп келген.
Жаңа модульдік қазандықта төрт қазан орнатылған. Оның үшеуі негізгі режимде жұмыс істесе, біреуі резервте тұр. Қондырғының қуаты бес үйді жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жүйе толық автоматтандырылған, жылу тасымалдағыштың температурасы ауа райына қарай реттеледі.
Мамандар қазандықтың жұмыс көрсеткіштерін қашықтан бақылауға мүмкіндік алады. Бұл жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Енді бес көпқабатты үйдің тұрғындары жылу жүйесін өз бетінше күтіп ұстау, қазандыққа көмір сатып алу сияқты қосымша шығындардан босатылады. Жаңа нысанның іске қосылуы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, жылыту маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»
Сурет: ekaraganda.kz

