Бірінші сынып бағдарламасы жаңарды
Қазақстанда бірінші сынып оқушыларына арналған оқу бағдарламалары жаңартылды. Өзгерістер негізінен тілдік пәндердің мазмұнына қатысты болып, оқу жүктемесін оңтайландыруға және оқушылардың базалық білімді берік меңгеруіне бағытталды.
Жаңа бағдарлама бойынша әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылды. Ал «Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінді. «Ана тілі» пәні бірінші сыныптың екінші жартыжылдығынан бастап оқытылады.
Сонымен қатар қазақ тілінде алғаш рет білім алып жатқан балалар үшін тілдік бейімделудің арнайы бағдарламасы енгізіледі. Бұл оқушылардың оқу үдерісіне біртіндеп бейімделуіне мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңартудың негізгі мақсаты – оқу материалдарының сабақтастығын қамтамасыз ету, күрделі тақырыптарды оңтайландыру және балалардың оқу, жазу, математикалық әрі функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.
Жаңартылған бағдарламаны кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларының тілдік және математикалық пәндер бойынша білім сапасын арттыру көзделген.

