Достықты жалғаған доп додасы
Қарағандыдағы «Тұлпар» спорт кешенінде достық пен сыйластықты арқау еткен шағын футболдан дәстүрлі турнир өтті. Биылғы жарыс спортты бірге серік еткен азаматтардың бірі – 52 жасында өмірден озған Андрей Лепекоршевті еске алуға арналды.
Футбол алаңы бұл жолы тек жарыс өтетін орын ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан достықтың қайта тоғысқан мекеніне айналды. Андрейдің жақындары мен достары оның есімін ұлықтап, бірге өткізген күндерді еске алды. Турнирге марқұмның балалары – Екатерина, Даниил, Лев, Амелия, Сафия, Юлия және Никита арнайы келіп, ойыншыларға қолдау көрсетті.
Жарыстың ашылу рәсімінде Андрейдің жары Антонина Исаченкова командаларға сәттілік тілеп, жұбайын еске алуға атсалысқан оның достарына ризашылығын білдірді.
Бұл турнирдің тарихы да тереңде. Шағын футболдан өтетін дәстүрлі жарыс осыдан 14 жыл бұрын Данияр Имашевті еске алуға арналған турнирден басталған. Содан бері спорттық кездесу жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы 15-турнирді достары Андрей Лепекоршевтің рухына арнады.
Осылайша жарыс ұйымдастырушылары әрі қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, әрі өмірден өткен азаматтың есімін есте қалдыруды мақсат етті. Спорт арқылы арадағы достықты бекемдеп, жылдар бойы үзілмеген байланысты жалғастыру – турнирдің басты мәніне айналды.
Биылғы жарысқа Қарағандыдан бес және Астанадан бір команда қатысты. Алаңдағы кездесулер тартысты өтіп, ойыншылар өз шеберліктерін ортаға салды. Әр команда жеңіске ұмтылғанымен, жарыстың негізгі құндылығы спорттық нәтижеден бұрын өзара сыйластық пен достықты дәріптеуде болды.
Турнир қорытындысында бірінші орынды «Доскей» командасы иеленді. Финалда «Тұлпар» командасымен кездескен олар тартысты ойында басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал «Тұлпар» командасы екінші орынға тұрақтады.
Турнир ұйымдастырушысы Нұрлан Есентаевтың айтуынша, мұндай жарыстардың мәні тек жеңімпазды анықтаумен шектелмейді.
– Бұл турнир – жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрдің бір бөлігі. Биыл жарысты Андрейдің құрметіне өткіздік. Достарының басын қосып, оның есімін еске алу біз үшін маңызды. Футбол арқылы арадағы достықты да жалғастырып келеміз, – дейді Нұрлан Есентаев.
«Доскей» командасының жаттықтырушысы Саид Ахметов те жарыстың мәні спорттық нәтижеден әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
– Бүгінгі жарысқа тек жеңіс үшін келген жоқпыз. Андрейді еске алып, достарына қолдау көрсету үшін жиналдық. Осындай турнирлер адамдарды жақындастырып, жақсы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Саид Ахметов.
Жарыс соңында үздік командаларға кубоктар табысталып, ойыншылар медальдармен марапатталды.
Он бесінші рет ұйымдастырылған бұл турнир спорттық сайыстан әлдеқашан кең мағынаға ие болған. Ол – жылдар бойы қалыптасқан достықты сақтау, бірге жүрген азаматтарды еске алу және кейінгі буынға жақсы дәстүрді жеткізудің бір жолы.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі жарысты алдағы жылдары да жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені футбол алаңындағы әр кездесу – достықтың үзілмес байланысын бекемдейтін тағылымды жүздесу.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

