Аурудың алдын алу – ортақ жауапкершілік

Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақты. Жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысы өңірде бірқатар жұқпалы ауру бойынша сырқаттану деңгейінің төмендегенін көрсетіп отыр. Мамандар мұны инфекциялардың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстармен байланыстырады.

Есепті кезеңде облыста жұқпалы аурулардың 43 түрі тіркелген. Дегенмен дифтерия, полиомиелит, қызамық және іш сүзегіне байланысты бірде-бір инфекциялық ошақ анықталмаған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көкжөтелмен ауыратындар саны екі есеге азайған. А вирустық гепатиті бойынша сырқаттану үш еседен астам төмендесе, жіті респираторлық вирустық инфекция, яғни ЖРВИ көрсеткіші 24 пайызға кеміген.

Сала мамандары мұндай көрсеткіштерде алдын алу шараларының маңызы зор екенін атап отыр. Соның ішінде вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады.

Қазіргі таңда өңірде нысаналы топтардың екпемен қамтылуы 63 пайыздан асқан. Қосымша иммундау шаралары аясында 15,5 мыңнан астам адам вакцина алған.

Қазақстанда ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 11 түрлі инфекцияға қарсы профилактикалық екпе бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі. Олардың қатарында туберкулез, қызылша, көкжөтел секілді аурулар бар.

– Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірқатар инфекциялық ауру бойынша төмендеу байқалады. Бұл, ең алдымен, профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Дегенмен күзгі-қысқы кезеңде аурулардың таралу қаупі жоғарылайтындықтан, сақтық шараларын жалғастыру маңызды. Вакцинация – инфекцияның алдын алудың тиімді құралдарының бірі, – деді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

 

Тұмау маусымына дайындық

Күзгі-қысқы кезеңде маусымдық тұмау мен басқа да вирустық инфекциялардың таралу қаупі артады. Сондықтан бұл кезеңге дайындық жұмыстары денсаулық сақтау саласының маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

Биыл тұмауға қарсы вакцинацияның басталу мерзіміне қатысты өзгеріс болды. Тамыз айында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер иммундау науқанын 15 қыркүйектен бастау туралы қаулы қабылдаған еді. Құжат бойынша бірінші кезекте созылмалы аурулары бар азаматтар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, қарттар, кішкентай балалар және жабық мекемелерде тұратын азаматтар секілді қауіп тобындағы тұрғындарды қамту көзделген.

Алайда белгіленген мерзімде вакцина медициналық ұйымдарға жеткізілмеді. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, Бірыңғай дистрибьютор Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 2 миллионнан астам дозасын сатып алған. Дегенмен жеткізушінің тіркеу рәсімдеріне байланысты препаратты жеткізу мерзімі өзгерген.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта тіркеу жұмыстары аяқталған. Вакцинаның алғашқы партиясы қазан айының басында жеткізіледі деп күтілуде.

Қарағанды облысында тұмауға қарсы екпе үшін жергілікті бюджет есебінен 173 мың доза вакцина сатып алынған. Препараттың жеткізілуіне қарай тұрғындарды иммундау жұмыстары ұйымдастырылмақ.

 

Балалар денсаулығы – басты назарда

Жаңа оқу жылының басталуымен оқушылардың денсаулығына жүргізілетін мониторинг те күшейтілді. Мамандар облыстағы 157 мыңнан астам мектеп оқушысын тексеріп, олардың арасынан ЖРВИ-мен ауырған 355 баланы анықтаған.

Білім беру ұйымдарында аурудың таралуын бақылау да жалғасады. Сырқаттану деңгейі белгіленген шектен асқан жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға қарай қосымша шаралар қабылданады. Атап айтқанда, мектептерде аурушаңдық көрсеткіші 20 пайыздан жоғарылаған жағдайда кабинеттік оқыту жүйесі уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал емханаларда 1 қазаннан бастап маска тағу режимін енгізу жоспарланған. Бұл шаралар күзгі-қысқы кезеңде тыныс жолдары арқылы тарайтын инфекциялардың алдын алуға бағытталған.

Мамандар тұрғындарға жеке гигиена талаптарын сақтауға, бөлмені жиі желдетуге, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстануға және ауру белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Жұқпалы аурулардың алдын алу тек медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты емес. Әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы да қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді. Уақтылы вакцина алу, санитариялық талаптарды сақтау және ауру белгілерін елемеу – инфекцияның таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретін маңызды қадамдар.

Қарағанды облысында бірқатар жұқпалы ауру бойынша оң динамика қалыптасқанымен, күзгі-қысқы кезеңде сақтықты бәсеңдетуге болмайды. Профилактикалық жұмыстарды жалғастыру, халықты иммундаумен қамту және тұрғындардың санитариялық сауаттылығын арттыру – эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтаудың маңызды шарттарының бірі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»