Өнері өлмес мұраға айналған суретші
Қарағанды өңірін екінші отанына айналдырған қылқалам шебері Хахаш Манайдың шығармашылығына арналған көрме ашылды. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылған мемориалдық көрмеге суретшінің 40-қа жуық кескіндемелік туындысы қойылды. Табиғат көріністері, тарихи тұлғалардың бейнелері мен жақындарының портреттері арқылы шебердің өмірі мен шығармашылық әлемі көрерменге ұсынылды.
Хахаш Манайдың тағдыры Моңғолия мен Қазақстанды байланыстырады. Ол Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келіп, Шет ауданында тұрақтаған. Мұнда мектепте бейнелеу өнерінен сабақ беріп, жас ұрпаққа сурет салудың қыр-сырын үйреткен. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, шығармашылық жолын облыс орталығында жалғастырды.
Суретшінің отбасы мен жақындары оның Қарағандыға алғаш келген кезін жақсы еске алады. Отбасы досы Гүлжанат Исаеваның айтуынша, олардың таныстығы осыдан шамамен 40 жыл бұрын басталған.
«Олар Моңғолиядан біздің Шет ауданындағы ауылға көшіп келген кезде, ең алғаш менімен араласты. Ол уақытта мен әкімдікте бас маман болып жұмыс істейтінмін. Хахаш Манай Моңғолиядан 30-дан астам отбасын бастап келді. Содан бері отбасымызбен аралас-құралас болып, 40 жылдай дос болдық. Менің күйеуім мектепте жұмыс істеді, ал Хахаш Манай сол жерде бейнелеу өнерінен сабақ берді», – дейді отбасы досы Гүлжанат Исаева.
Суретшінің Қазақстандағы шығармашылық жолы осылай басталып, кейін Қарағандымен тығыз байланыста өрбіді. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезінде ол білім ордасын көркем безендіру ісіне де атсалысқан. Осы еңбегінен кейін оған Қарағандыға көшу туралы ұсыныс түсіп, шебер шығармашылық ізденістерін осында жалғастырды.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылған «Уақыттан тыс өнер. Мәңгілік мұра» атты мемориалдық көрме – суретшінің өмірі мен өнеріне арналған тағзым. Экспозицияға қойылған 40 кескіндемелік жұмыс оның шығармашылық мұрасының ауқымын танытады.
Хахаш Манаймен бірге еңбек еткен әріптестері оның адамдық болмысын да ерекше бағалайды. Досы әрі әріптесі Жангелді Базыл суретшінің қарапайымдылығы мен парасаттылығын атап өтті.
«Ол Моңғолиядан көшіп келгеннен кейін Қазақстанда бірге еңбек еттік. Алдымен мектепте, кейін Қарағандыда бірге жұмыс істедік. Ол ерекше зиялы, өте қарапайым адам болды», – дейді Хахаш Манайдың досы әрі әріптесі Жангелді Базыл.
Шебердің шығармашылық мұрасы сан қырлы. Ол пейзаж, натюрморт, графика және портрет жанрларында еңбек етті. Әсіресе портрет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, адам болмысын картина арқылы жеткізуге мән берген.
Суретшінің өмірден өткеніне бір жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме оның артында қалған мол мұраны көпшілікке таныстыруды мақсат еткен. Жақындары үшін әрбір туындының орны бөлек.
«Бүгін өмірден өткеніне бір жыл болған Манайды еске алуға арналған кеш өткізіп отырмыз. Ол артында үлкен мұра қалдырды. Оның еңбектерін халыққа, шәкірттеріне, достары мен жақындарына көрсету үшін осы шараны ұйымдастырдық. Әрине, адамның өмірден өткені ауыр. Бірақ ол көптеген тамаша туындылар қалдырды. Әсіресе портрет жанрындағы еңбектері ерекше. Солардың ішінде атасының портретінің орны бөлек. Бұл картина біз үшін өте қымбат әрі жүрегімізге жақын», – дейді Хахаш Манайдың жұбайы Алмагүл Халидолда.
Көрмеге келген көрермендер суретшінің шығармашылығымен жақынырақ танысып, оның өнердегі өзіндік қолтаңбасын бағамдауға мүмкіндік алды. Әр картинадан шебердің өмір сүрген ортасы, тарихқа деген қызығушылығы мен табиғатқа деген сүйіспеншілігі байқалады.
Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударып, Қарағандыны екінші отанына айналдырған Хахаш Манайдың шығармашылығы өңірдің мәдени өмірінде өзіндік із қалдырды. Бүгінде оның туындылары суретшінің ғұмырын жалғастырып, кейінгі ұрпаққа өнер арқылы сыр шертуде.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

