Дәрі-дәрмек бағасы қайта қаралды
Қазақстанда дәрі-дәрмектің шекті бағасын белгілеу тәртібі өзгерді. Нәтижесінде препараттардың шекті бағасы орта есеппен 26 пайызға төмендеді. Ал жекелеген дәрі түрлері бойынша бағаның төмендеуі 90 пайыздан асты.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады. Жаңа есептеу тәсілінде дәрінің бағасына кіретін бірқатар шығындар қайта қаралған. Атап айтқанда, маркетингтік шығындар есептен шығарылды. Ал өткен жылдан бастап сапаны бағалау, кедендік рәсімдеу және тасымалдау шығындары да баға құрылымына енгізілмейді.
Осылайша, препараттың шекті бағасы оның нақты құнына барынша тікелей байланысты болады. Сонымен бірге дженериктер, яғни түпнұсқа дәрілердің баламалары, түпнұсқа препараттан кемінде 30 пайызға арзан болуы тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан бағасы реттелетін дәрі-дәрмектер тізімі де қысқартылды. Жүргізілген мониторинг жаңа тәртіп енгізілгеннен кейін дәрі бағасының айтарлықтай өспегенін көрсеткен.
Жаңартылған тәсілдің негізгі мақсаты – дәрі-дәрмек бағасын негізді қалыптастырып, нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.

