Баланың қабілетін ашу – үлкен жауапкершілік

Ұстаздық – балаға білім берумен ғана шектелмейтін, оның бойындағы қабілетті танып, қызығушылығын қолдап, болашағына бағыт-бағдар беретін үлкен жауапкершілік. Әсіресе қосымша білім беру саласында еңбек ететін педагог үшін әр баланың бейімін байқап, өз жолын табуына мүмкіндік жасау – маңызды міндет.

Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайы бүгінде балалардың шығармашылық, ғылыми-техникалық, музыкалық, спорттық және тілдік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін білім беру орталығына айналып отыр. Мекемені Шариза Далабаева Алтынбекова басқарады.

2020 жылы ашылған Оқушылар сарайы қазіргі таңда 3 744 балаға арналған жобалық қуатымен жұмыс істейді. Мұнда 85 педагог еңбек етіп, жас өскіндерге түрлі бағытта қосымша білім береді. Балаларға ғылыми-техникалық шығармашылық, робототехника, инженерлік іс, экология, компьютерлік графика, өнер, вокал, би, театр, шахмат, ұлттық ойындар, тіл үйрену және шешендік өнер бойынша үйірмелер ұсынылған.

Бұл – жай ғана үйірмелер жиынтығы емес. Әр бағыт баланың бойындағы белгілі бір қабілетті байқап, оны дамытуға жол ашуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, Оқушылар сарайының басты мақсаты – баланың қызығушылығын қолдап, оның шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау.

– Қосымша білім берудің негізгі мақсаты – баланың шығармашылық қабілетін оятып, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік беру, – дейді Шариза Алтынбекова.

Осы ұстаным негізінде мекемеде кәсіби бағдар беру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары сынып оқушылары үшін Қарағандының жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, түрлі кәсіби бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылған. Жасөспірімдер бағдарламалау, сәулет және дизайн, ұшқышсыз көлік технологиялары, криминалистика, жалпы хирургия, стоматология секілді салалармен таныса алады.

Мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі мамандық таңдау – жасөспірім өміріндегі маңызды шешімдердің бірі. Ал түрлі бағытты тәжірибе жүзінде байқап көру балаға өз қызығушылығы мен мүмкіндігін жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Оқушылар сарайында мектеп жасындағы балалармен қатар, мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерге де жағдай жасалған. Соның бірі – 5-6 жастағы балаларға арналған «Шамшырақ» ерте дамыту орталығы.

Мұнда бүлдіршіндер оқу мен жазудың бастапқы дағдыларын меңгеріп қана қоймай, сурет салып, мүсін жасап, ән айтып, би билейді. Сонымен қатар нейрогимнастика жаттығуларына қатысады. Яғни орталықта баланың танымдық қабілеті мен шығармашылығын қатар дамытуға басымдық берілген.

Уақыт талабына сай Оқушылар сарайының үйірмелер желісі де жаңарып, толықтырылып келеді. Ағашқа сурет салу, тігін және пішу, шешендік өнер, театр, би секілді жаңа бағыттардың ашылуы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, күнделікті өмірде қажет болатын дағдыларды меңгеруіне де мүмкіндік береді.

Қосымша білім беру ұйымының жұмысын алға жылжытуда басшының рөлі ерекше. Бұл ретте міндет тек оқу процесін ұйымдастырумен шектелмейді. Педагогтерге қолдау көрсету, жаңа бастамаларға жол ашу, заман талабына сай бағыттарды енгізу және балаларға қолайлы орта қалыптастыру да басшының жауапкершілігіне жатады.

Шариза Алтынбекованың қосымша білім беру саласындағы тәжірибесі 2022 жылы өткен облыстық тамыз секциялық отырысында да таныстырылған. Жиында қосымша білім берудің жаңа тәсілдері мен оны ұйымдастырудың тиімді формалары талқыланып, тәжірибелік жұмыстар ортаға салынған.

Педагог еңбегінің нәтижесін бір ғана көрсеткішпен өлшеу мүмкін емес. Оның нәтижесі – алғаш рет сахнаға шыққан баланың өзіне деген сенімі, робот құрастырып, жаңалық ашуға ұмтылған жас өнертапқыштың қызығушылығы, байқаудан жүлдемен оралған оқушының қуанышы немесе болашақ мамандығын айқындаған жасөспірімнің таңдауы.

Қосымша білім берудің құндылығы да осында. Бала мұнда өзіне ұнайтын іспен айналысып, жаңа дүниені байқап көреді, қателесуден қорықпайды, ізденеді және өз қабілетін танытады.

Бүгінде №2 Оқушылар сарайы – баланың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, оның болашаққа деген сенімін қалыптастыратын орта. Ал осындай ортаны құрып, педагогтерді ортақ мақсатқа жұмылдырып отырған басшының еңбегі ұстаздық ұғымымен тікелей сабақтас.

Ұстаздар күні қарсаңында Шариза Далабаева Алтынбекова бастаған №2 Оқушылар сарайының педагогтеріне жас ұрпақтың бойындағы талантты танып, оны дамыту жолындағы еңбегі үшін алғыс айтуға болады. Өйткені бүгін үйірме есігін ашқан бала – ертең ғылымда, өнерде, спортта, технологияда немесе басқа да салаларда ел дамуына үлес қосар азамат.

Ал сол үлкен жолдың алғашқы қадамын жасауға мүмкіндік берген ұстаз еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»