Қарағандыдағы террикон дауы

Қарағандыда қаланың келешегі мен тарихи келбетіне қатысты пікірталас туындады. Бір кездері кеншілер астанасының айнымас символына айналған қолдан жасалған таулар – террикондар бүгінде жойылып кету қаупінде. Пришахтинск тұрғындары дабыл қағып, соңғы терриконды сақтап қалуды талап етіп отыр. Террикондар неліктен дау тудырды?

Белсенділердің айтуынша, қазір террикон бойынан топырақ қазылып, ауыр жүк көліктерімен тасымалданып жатыр. Жұмысшылар өздерінің бейнежазбаға түсіріліп жатқанын көре сала, аумақтан асығыс кетіп қалған. Тұрғындардың алаңдауынша, ашылып қалған үйінділер үгітіліп, шаңның көтерілуіне себеп болуы мүмкін.

«Депутатымыз террикондардан радиоактивті сәуле өте қатты бөлінеді, шаңы да өте радиоактивті деп сендіреді. Егер солай болса, бұл шаңды, бұл жынысты не үшін тасып жатыр? Олардың айтуынша, бұл саяжайшыларға көрсетіліп жатқан көмек екен. Қандай көмек? Маған осы қызық. Мұнда логика қайда? Бұлар бұзылмай, тиіспей тұрғанда, тіпті шаң да болмайтын. Өйткені мұнда шөп шығып, тамырлары бәрін бекітіп тастаған еді. Онда ағаштар өсіп тұр, табиғат өз дегенін жасап жатыр. Қазіргі таңда біздің ауданның экологиялық жағдайы мәз емес. Ал бұған террикондардың шаңы қосылды. Шыны керек, қорқынышты болып бара жатыр», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Людмила Маслова.

Тұрғындардың айтуынша, Пришахтинскідегі экологиялық жағдай онсыз да күрделі. Террикондарды қазу мен жыныстарды тасымалдау шаң мәселесін одан әрі ушықтыруы мүмкін. Қарағанды қаласының тұрғыны Евгений Даардың сөзінше, ауданда шаңды басатын арнайы жүйелер мен қорғаныш шаралары жеткіліксіз.

«Пришахтинск үнемі қызыл аймақта орналасқан. Қызыл аймақ болуы дәл осы PM2.5 және PM10 белсенді бөлшектері мен жалпы шаңның көптігінен. Бұл жерде қоршау жоқ, ешқандай қорғаныш орман алқабы, шаңды басатын жүйелер атымен жоқ. Тіпті қарапайым алдын алу шаралары жасалмаған, бұл өте жаман. Ана жерде көріп тұрғанымыздай, балалар серуендеп жүр. Тіпті мына жарықтар ертең құлап, ойылып түсуі де мүмкін», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Евгений Даар.

Қарағандыдағы террикондар шахталар игеріле бастаған кезеңде, шамамен жүз жыл бұрын пайда болған. Арада ондаған жыл өткен соң олардың кейбірін шөп пен ағаш басып, қала ландшафтының бір бөлігіне айналды. Бүгінде тұрғындар террикондарды қаланың символы әрі кен өндірісі тарихының ескерткіші ретінде сақтап қалуды сұрап отыр. Жазда мұнда спортшылар жаттығу жасаса, қыста балалар шана тебеді.

Тұрғындар террикондарды жоймай, керісінше абаттандырып, саябақ, шолу алаңдары немесе тарихи-туристік нысан ретінде пайдалануға болатынын алға тартады.

«Біздің шенеуніктер барлық істе еуропалық тәжірибеге сүйенгенді өте жақсы көреді. Неге бұл жерде де еуропалық тәжірибені қолданбасқа? Оларда бұларды сақтап, саябақтар, шолу алаңдарын және тағы басқасын жасап қойған. Бұл жай ғана қала символы емес. Меніңше, бұл – кеншілер даңқының тұғыры», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Людмила Маслова.

Ал тұрғын Виталий Лошов терриконды Пришахтинск тарихының бір бөлігі ретінде сақтап, оны болашақта тарихи нысанға айналдыруға болатынын жеткізді.

«Оны Пришахтинск тарихының бір бөлшегі ретінде сақтап қалған дұрыс. Қалай десек те, ол 1932 жылдан бері бар. Оны қалпына келтіріп, былайша айтқанда, ескерткіш жасауға, шахтерлердің мүсінін қоюға қаражат табуға болады деп ойлаймын. Ел көріп жүретіндей тарих жасау керек, әйтпесе халық көмірдің қайдан шыққанын да білмей өмір сүріп жатыр», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Виталий Лошов.

Террикон – шахтадан шығарылған тау жыныстары мен топырақтан үйілген жасанды төбе. Бастапқы кезеңде мұндай үйінділер қауіпті болуы мүмкін. Себебі олардың ішінде химиялық реакциялар жүріп, қызу немесе жану қаупі туындайды. Алайда ондаған жылдар өткен соң террикондар орнығып, өсімдік жамылғысы қалыптасады.

Террикондардың радиоактивтілігіне қатысты тұрғындар арасында түрлі пікір бар. «ЭкоЭксперт» ЖШС директоры Владимир Матонин бұл нысандардың радиоактивті екені туралы пікірмен келіспейді.

«Мен террикондардың радиоактивті емес екенін сенімді түрде айта аламын. Ешқандай сәуле бөліп тұрған жоқ. Бұл – жай ғана жер. Көмірдің айналасындағы жыныстар. Қорқынышты ештеңесі жоқ. Кез келген шаруашылық қызмет – бұл шаңның көтерілуі. Егер заңды тұлға бұны істеп жатса, ол шаңдатады. Яғни, мұнда міндетті түрде рұқсат болуы керек», – дейді «ЭкоЭксперт» ЖШС директоры Владимир Матонин.

Осылайша, террикондардың тағдырына қатысты тұрғындар арасында алаңдаушылық басым. Бір тарап олардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтса, екінші тарап тарихи нысан ретінде сақтап қалуды көздейді. Қалай болғанда да, Қарағандының соңғы терриконының болашағы қаланың тарихи келбеті мен экологиялық қауіпсіздігі қатар ескерілетін шешімді талап етеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»