Жаңа мүмкіндіктер мен халықаралық серіктестік кезеңі басталады
Қарағанды қаласы ресми түрде 2028 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жастар астанасы болып жарияланды. Мұндай шешім ТМД-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданды.
Бұл мәртебе Қарағанды өңірінің жастар саясатын дамытудағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Қазіргі таңда облыста 303 мыңнан астам жас тұрады. Алдағы жылдары олар үшін халықаралық білім беру жобаларына қатысуға, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруға, тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік ашылады. Сарапшылардың пікірінше, жастар астанасы мәртебесі өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастар ұйымдарының белсенділігін күшейтуге де ықпал етеді. Сонымен қатар Қарағандыда халықаралық форумдар, фестивальдер, ғылыми конференциялар мен еріктілер қозғалысына бағытталған ауқымды жобаларды өткізу жоспарлануы мүмкін. Жастар астанасы атағы – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Бұл өңірдің жас буыны үшін өз қабілеттерін танытып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға берілген бірегей мүмкіндік.
Осы жаңалыққа байланысты Қарағанды қаласының белсенді жастарының бірі, Медина Мерхатқызы өз ойымен бөлісті.
– Медина, Қарағандының ТМД жастар астанасы атануы өңір жастары үшін нені білдіреді?
– Бұл біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Қарағанды жастары әрқашан қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Енді халықаралық деңгейдегі жобаларға араласуға мүмкіндік көбейеді. Бұл жастардың білімін жетілдіруге, жаңа таныстықтар орнатуға және өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашады.
– Қандай өзгерістер күтуге болады?
– Менің ойымша, жастарға арналған форумдар, мәдени жобалар мен білім беру бағдарламаларының саны артады. Әртүрлі елдерден келетін жастармен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туады. Бұл өз кезегінде біздің көзқарасымызды кеңейтіп, жаңа жобалардың пайда болуына ықпал етеді.
– Өңір жастарына қандай мүмкіндік беріледі?
– Ең бастысы – өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Бүгінгі жастардың идеясы көп, бастамасы мол. Жастар астанасы мәртебесі сол идеяларды жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастырады деп сенемін.
Қарағандының 2028 жылғы ТМД жастар астанасы болып таңдалуы – өңір тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл шешім жастар саясатын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді. Алдағы жылдары Қарағанды тек Қазақстанның ғана емес, ТМД кеңістігіндегі жастардың басын қосатын маңызды орталыққа айналмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, жас ұрпақтың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

