Үш бірдей мереке
Қарағанды облысында сәуір айының соңынан бастап үш бірдей маңызды мерекеге арналған кең көлемді іс-шаралар өтуде. Өңір тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне орай концерттерді, фестивалдерді, патриоттық акцияларды, қайырымдылық шараларын және түрлі мәдени бағдарламаларды тамашалай алады.
Мерекелік күндерге дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Жауапты басқармалар алдағы күндері ұйымдастырылатын шаралар жоспарын таныстырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өңірде 120-дан астам шара өткізу жоспарланған.
Мерекелік бағдарламалар сәуір айының соңында бастау алады. Қарағанды қаласындағы Достық үйінің алдындағы алаңда жастар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бірлігіміз берік!» атты патриоттық флешмоб ұйымдастырылады. Шара соңында көрермендер көпшіліктің қатысуымен орындалатын «Қара жорға» биін тамашалайды. Сол күні «Қайырымдылық керуені» акциясы басталып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар қоғамдағы өзара қолдау мен бірлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
1 мамыр күні облыстың барлық қала және аудан орталықтарында мерекелік концерттер өтеді. Қарағанды қаласындағы басты шара Орталық саябақта ұйымдастырылады. Мұнда «Бірлік – ел тірегі» атты мерекелік концерт өтіп, танымал өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өнер көрсетеді. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова мен VanGogh вокалды-инструменталдық ансамблі бар. Сонымен қатар саябақ аумағында қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық бұйымдар көрмесі және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Ірі сауда орталықтарында жастардың қатысуымен ұлттық киімді насихаттауға арналған акциялар ұйымдастырылады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай әскери қызметшілерге, құтқарушыларға және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құрмет көрсетуге бағытталған бірқатар шара өтеді. Қарағанды, Теміртау, Балқаш және өзге де қалалардағы әскери бөлімдерде мектеп оқушылары үшін ашық есік күндері ұйымдастырылып, оқушылар әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың күнделікті қызметін көре алады. Сонымен бірге әскери техникамен таныстыру экскурсиялары өткізіледі.
Мерекелік бағдарламаның негізгі шараларының бірі – «Жас сарбаз – 2026» облыстық әскери-патриоттық ән фестивалі. Ол Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтіп, жастар патриоттық әндерді орындап, шығармашылық қабілеттерін көрсетеді.
Теміртау қаласындағы «Шығыс» саябағында облыстық үрмелі аспаптар музыкасы фестивалі ұйымдастырылады. Бұл шараға жеті оркестр қатысып, көрермендерге мерекелік бағдарлама ұсынады. Сонымен қатар Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждің барабаншылар тобы өнер көрсетеді.
9 мамыр – Жеңіс күніне орай өңірде еске алу және патриоттық бағыттағы көптеген шара ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта «Ер есімі – ел есінде» атты дәстүрлі онлайн-акция басталып кетті. Волонтерлер «Ардағым ардагерім» акциясы аясында ардагерлерге көмек көрсетеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде мемориалдар мен ескерткіштердің аумағы абаттандырылып, тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Ардагерлер ән салады» атты облыстық хор ұжымдарының фестивалі өтеді. Бұл шарада ардагерлер мен шығармашылық ұжымдар әскери жылдарда жазылған әндерін орындайды.
9 мамыр күні облыстың барлық қала және аудандарында гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне үйлерінде құрмет көрсетіліп, Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Ерлікке тағзым» атты мерекелік концерт өтеді.
Мамыр мерекелеріне арналған іс-шаралар тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуге ғана емес, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған. Облыс көлемінде ұйымдастырылатын ауқымды бағдарлама әр жастағы тұрғындарды қамтып, мәдени өмірге серпін бермек.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

