Әлеуметтік жұмыс мамандары Қарағандыда бақ сынады

Қарағандыда студенттер арасындағы білім сайысы өз мәресіне жетті. Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті базасында «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген 2-4 курс студенттері бас қосты. Алты жоғары оқу орнының командалары қатысқан додада болашақ мамандар өзара білім мен біліктіліктерін сынға салды.

Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен келген үміткерлерді жоғары оқу орнының басшылығы жылы қарсы алып, оларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылар мұндай білім сайыстары студенттер үшін тәжірибе алмасуға, өзара байланыс орнатуға және кәсіби дамуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Мен осы олимпиадаға қатысушыларға тек жақсы нәтиже көрсетіп, белсенділік танытып қана қоймай, сонымен қатар осы сала бойынша жаңа ғылыми бағыттарды табуларына тілектеспін, – деді Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Мұратбай Сихимбаев.

Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар жеке сайыс форматында ұсынылған кейстердің бірін таңдап, белгіленген уақыт ішінде өз шешімдерін қорғады. Бұл бөлім студенттердің теориялық білімін тәжірибеде қолдану қабілетін бағалауға бағытталды. Ал екінші кезеңде командалар 3 студенттен құралған топ ретінде Social Tech бағыты бойынша әлеуметтік стартап жобаларын таныстырды. Қатысушылар заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге арналған тың идеялар ұсынды.

– Олимпиадаға қатысушылардың дайындығы өте жоғары деңгейде болып, олар өздерінің қызықты идеялары мен үлкен мотивациясымен ерекшеленді. Қазтұтынуодағы университеті ұйымдастырушы тарап ретінде бұл білім сайысы жоғары деңгейде өтті деп есептеймін, – дейді Психология, педагогика және әлеуметтік жұмыс кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы Индира Рахымова.

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті командасының топ жетекшісі Темірлан Кенжебай студенттермен бірлесе отырып «Social Work Pro» атты әлеуметтік қосымшаны таныстырды. Жоба «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Қосымшада арнайы чат-бот қарастырылған, ол әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтың рөлін атқарып, студенттермен виртуалды диалог жүргізеді. Осы арқылы болашақ мамандар түрлі жағдайларды талдап, дұрыс шешім қабылдауды және кәсіби қабілеттерін жетілдіруді үйренеді.

– Біздің сайттың басты ерекшелігі – ол студенттің әлсіз тұстарын көрсетуге емес, керісінше оның кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Сайттың соңында арнайы бағалау бөлімі қарастырылған. Онда жасанды интеллект студенттің клиентпен жұмыс істеу барысындағы тапсырманы қалай орындағанын жан-жақты талдап, нақты ұсыныстар береді. Осы ұсыныстардың негізінде студент өз қателіктерін байқап, қандай тұстарын жақсарту керектігін анықтай алады. Сонымен қатар ол қажетті бөлімді қайта пысықтап, тапсырманы қайта орындау арқылы өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алады, – деп атап өтті А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Темірлан Кенжебай.

Оқытушылардың айтуынша, олимпиада жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор ықпал етеді. Сондай-ақ ол – олардың шығармашылық ойлау қабілетін, әлеуметтік жауапкершілігін және инновациялық көзқарасын дамытуға кең мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»